Қазақстандықтарға Америкаға виза алу жолы жеңілдетілуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Даниэль Розенблум мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq ruhy сайтына сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта виза мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жоқ. Бірақ, алдағы уақытта талқылануы мүмкін. Біз Қазақстан Үкіметімен бірнеше рет ұзақ мерзімге виза беруді қалай жақсартуға болатыны туралы сөйлесуді жалғастырып жатырмыз. Бірақ бұл екі жақты елге кіріп-шығуға қатысты болады. Әрине, бізде виза беру ережелері мен шарттары бар болса да, Қазақстандықтарды АҚШ - қа, сонымен қатар американдықтарды Қазақстанға келуге шақырғымыз келеді. Өйткені, бұл екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың ең мықты кепілі", - деді Даниэль Розенблюм.
Елші әсіресе, мемлекеттер түрлі проблемаларды болдырмау үшін виза саясатында абай болу керек екенін атап өтті.
"Мен сізге нақты пайызбен айта алмаймын, бірақ АҚШ-қа жол тартқандардың көбі туристік визамен кетіп, Америкада жұмыс істеп, қалып қойып жатады. Тіпті, виза мерзімінен де ұзағырақ уақытқа қалып жататындар да көп кездеседі. Сондықтан, визалық сұхбат кезінде біздің консулдар адамдардың заң бойынша әрекет ететініне көз жеткізу үшін өте күрделі сұрақтар қояды", - деп атап өтті ол.
Елші қазір пысықталып жатқан жұмыстармен де бөлісті. Алдымен, виза алу уақытын қысқарту, одан кейін, адамдар иммиграциялық емес визаларға жай ғана өтініш бере алатындай, яғни сұхбатқа келмеуіне рұқсат беру жағы қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, елдер арасында тікелей рейстердің болуы мүмкін екенін де айтты.
"Екі тарап та осы рейстердің ашылуына мүдделі. Бірақ, бұл өте күрделі мәселе. Қазір АҚШ авиация қауымдастығымен келіссөздер жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл ертең немесе бір айдан кейін болмайды, бірақ біз бұның жақын арада болатынына сенеміз", - дейді Даниэль Розенблум.