Арыстық ағайынға Алматыдан арнайы көмектің алды келіп жетті. Бес камаз толы құрылыс заттары снарядтан қираған 450-дей тұрғын үйді қалыпқа келтіру үшін қолданылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазаны басқаның бас қайғысы деп қарап отырмаған Алматы әкімдігі аптап ыстықта баспанасыз қалған бұқараға дәл қазір ауадай қажет шатыр, азық-түлік тиеген тағы бірнеше жүк көлігін жібермек.
Облыс пен ірі қала әкімдіктері апатқа ұшыраған Арыс қаласын 17 секторға бөліп алған. Көппен бірге көмек қолын созған Алматы әкімдігі Арыс қаласындағы 14-кварталды қалпына келтірмек. Бұл аумақта шамамен 450-дей үй мен бір мектеп бар. Алматыдан арнайы жеткен техник мамандар шығын көлемін есептеп, қанша қаржы керек екенін анықтайды.
«Біз Арыс қаласына 5 КАМАЗ-ға тиелген 60 тонна құрылыс материалын алып келіп отырмыз. Онда цемент бояу, сылақ, тегістегіш және шатыр жөндеуге қажет дүниелердің бәрі бар», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит ӘЗІРБАЕВ.
Бейбіт елде босып кеткен бұқараны біріктіру жолында үйлерге қажетті қаржы арнайы жиналған қорлардан бөлек, мемлекет және облыстардың бюджетінен де бөлінеді. Жарылыс басталған үш күннен бері «Түркістан» корпоротивтік әлеуметтік қорына тек қарапайым халықтың өзі 600 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев аласапыран шақта арыстықтарды барынша қолдап, көмек көрсеткен ел-жұртқа ағынан жарыла, алғыс білдірді.
Арыстықтар үшін материалдық және гуманитарлық көмектерді қабылдайтын арнайы қоймалар ашылған. Түрлі қоныстану орындарында жатқан 13 мыңнан астам адамға азық-түлік пен күнделікті тіршілікке қажетті заттар берілуде. Бірақ қанша жерден дәрігерлік, психологиялық, материалдық көмек көрсетілгеніне қарамастан, эвакуациялық аймақтардағы адамдардың бір ғана тілегі – тезірек қауіпсіз үйге қоныстану.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы