Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова қарттарға арналған кооперативтер салуды ұсынды. Айтуынша, ол қарттар үйі секілді болмайды. Мұндай ойын халық қалаулысы аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған Парламент жиынында айтты деп жазады Tengrinews.kz.
Жиынға келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова аз қамтылған жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы жоспарын баяндаған болатын. Депутат Кеңес Абсатиров болса вице-министрден отбасының табысын есептегенде үйдегі ата-әжелердің зейнетақысын есепке алу жайын сұрады.
«Егер есепке алынса, онда не үшін өмір бойы баласын баққан қариялар немерелерін де өзімен бірге сүйреуі керек?», - деді депутат Абсатиров.
Светлана Жақыпова болса отбасындағы барлық кіріс көзі түгел есептелетінін мәлімдеді. «Егер жақын туыстар бір шаңырақта тұрса онда олардың барлығының табысы есепке алынатын болады», - деді ол.
Кеңес Абсатиров мұның дұрыс емес екенін айтып отыр. «Демек, сіздер қарияларды үйден қуып шығуға итермелеп отырсыздар ғой», - деп ашуланды халық қалаулысы.
Депутат Гүлжан Қарақұсова болса зейнеткерлер балаларға масыл болмай бөлек шығу керек деп есептейді.
«Ешқайда қуудың қажеті жоқ, біз қарияларға арналған үйлер салуымыз керек, ертең қартайғанда өзіміз балаларға кедергі келтірмей сол жерге барып тұрамыз. Ол қазіргідей қарттар сияқты үйі емес, өзіміздің жеке кооператив болады. Енді бірнеше жылдан кейін көресіздер, Татьяна Михайловна да (қаржы вице-министрі), Татьяна Ивановна да (Мәжіліс депутаты), мен де сол жерге барып тұрамыз», - деді Гүлжан Қарақұсова.