Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары Алматы қаласы Бостандық ауданындағы көпбалалы аналарға түсіндірілді. Жиынға қатысушылар пікірлерін айтып, толғандырған сұрақтарына жауап алды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент алға қойған әлеуметтік мәселелерді сапалы орындау үшін Алматыда нақты шаралар жоспары, атап айтқанда «Бақытты отбасы» қалалық әлеуметтік бағдарламасы әзірленген болатын. Бұл – жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, оқушылар мен студеттердің стипендиясы, әлеуметтік және бір реттік төлемдер, жұмыспен қамту және басқа да жеңілдіктер мен көмектер.
Аталған жиынға жергілікті билік өкілдері де қатысып, кімнің қандай көмек алуға мүмкіндігі бар екенін айтып өтті.
«Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар алдымен өтініштерін жазып, проблемаларын ашып көрсетуі керек. Мемлекет тарапынан тек жеңілдетілген үй ғана беріліп қоймайды, үйі барларға оны тегін жөндеп беру, су тартып беру секілді көмек көрсетіледі. 6 айлық азық-түлік сертификаттары, бір реттік киім сертификаты беріледі, тегін емдеу жолдары да қарастырылған», - деді «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Іңкәр ЖАНӘДІЛҚЫЗЫ.