Шымкентте мешіттердің бірінде бір топ азамат имамның ескертуіне қарамастан жамағат намазын бұзған. Олар өзге өңірден келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға 12 мамырда кешкі ақшам намазы кезінде болған. Бұл сәттің видеосы желіде пайда болды. Онда өзгелермен қатар намаз оқып тұрған ер адамды екіншісі жұдырықпен ұрып жібергенін байқауға болады.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мәліметінше, өзге мәзһабта намаз оқыған бір топ адам жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған.
Намаз кезінде «Әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған.
«Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізген. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады», - делінген ҚМДБ мәліметінде.
Айта кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.