Мамандар кене энцефалитіне қарсы вакциналаудың маңыздылығын еске салады
СҚО-да кене энцефалитін жұқтыру деректері анықталды. Күннің жылынуымен жәндіктердің белсенді түрде көбейіп жатқаны байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазірдің өзінде өңірде 80-нен аса адамды кене шаққан. Бұл вирустық энцефалит немесе боррелиоз сияқты ауруларға алып келуі мүмкін. Сондықтан мамандар қауіпті жәндіктер мекендейтін жерлерге барған кезде сақтық шараларын сақтаудың міндетті екенін алға тартты.
– Кене энцефалиті – ең алдымен орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы ауру. Оның салдары мүгедектікке, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан салғырт қарамау керек, – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлида Жәкеева.
Мамандар кене энцефалитіне қарсы вакциналаудың маңыздылығын еске салады. Екпені тұрғылықты жері бойынша емханадан алуға болады. Жәндіктерге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жыл сайын сәуір және қыркүйекте жүргізіледі. Былтыр 680-ге жуық облыс тұрғынын кене шаққан.
– Маусым басталғалы бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне кене шаққан 7 науқас түсті. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ кене риккетсиозының 3 жағдайы бойынша шағым түсті. Олардың да арасында бір науқас ауруханаға жатқызылып, екеуі үйден емдеуге жіберілді, – деді облыстың штаттан тыс бас эпидемиологы Вероника Василишина.
Оқи отырыңыз: Павлодар ыстық судан ажыратылды