Алматы қаласының әкімдігі қоғамдық көлікпен жүру ақысын көбейту туралы тасымалдаушылардың ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы уақытылы бөлініп жатқан субсидиялар көлемі көліктік қызметтерді сапалы көрсету үшін жеткілікті деп санайды. Сондықтан кейбір тасымалдаушылардың тарифті көтеру қажеттігі туралы өтініштері негізсіз. Адамдар шағым келтірмейтіндей әуелі тәртіп орнатып, сапасын көтерсін, сосын сұрасын. Біз үшін басты көрсеткіш - қала тұрғындарының қанағаттану деңгейі. Бірақ онымен әлі де жұмыс істеу керек», - деді басқарма басшысының орынбасары Ерлан Әділов.
Бұл ретте, қоғамдық тасымалдаулардың әлеуметтік маңызы ескеріле отырып, әкімдік саясаты көлік қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді. Сондықтан тасымалдаушыларға қоғамдық көлікті жаңарту және дамыту үшін қомақты қаражат бөлінуде. Бұдан басқа, қоғамдық көліктерді қаражаттандыру жол жүру ақысын тұрғындар үшін қолжетімді деңгейде ұстап, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына жеңілдік тарифтерін ұсынуға мүмкіндік беріп отыр.
«Қазақстандағы «Оңай» электрондық билеттеудің бірінші жүйесі мол табысты «көлеңкеден» шығарып, оны қала экономикасына тартуға мүмкіндік берді. Мысалы, қазан айында транзакциялардың рекордтық саны жасалып, 2,9 млрд теңге жиналды. Ал 2016 жылдың қыркүйегінде нарық айналымы небәрі 700 млн теңгені құраған болатын. Осы ақшаның барлығы қайда кетті? Ұзақ уақыт бойы 80 теңгелік тариф елде ең жоғары болып, көп бөлігі қолма-қол ақшамен төленген. Алматыдағы жолаушылар легінің басқа қалаларға қарағанда бірнеше есе көп болуын да есепке алуымыз керек. Бүгінде ақшасыз төлем жасаудың үлесі 98 пайыздан асып отыр. Яғни жаңа цифрлық шешімдер саланы «көлеңкеден» шығарып, автобус паркінің жаңартылуын жылдамдатты. Бүгінде 1098 автобус сатып алынған. Жыл соңына дейін жаңа қоғамдық көлік үлесін 87 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Тасымалдаушылар тарифтің ашықтығы арқылы банктен несие алып, өздерінің көлік парктерін дамытуға қаражат алатын еді», - деп түсіндірді әкімдіктің ресми өкілі Тимур Базарбаев.