Балалардың әкесі видеоны әлеуметтік желіге егіздер қырқынан шыққан соң ғана жүктеген
Ақтаулық тұрғын Дүйсен Әлібек жұбайы мен егіз ұлдарын перзентханадан ерекше шығарып алды. Көпбалалы әкенің бес баласымен қосылып ән айтып, би билегені түсірілген әсерлі видео желіде тарап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv. Оның айтуынша, жары 29 қарашада егіз ұл босанған, ал 6 желтоқсанда перзентханадан шыққан. Алайда видеоны әлеуметтік желіге егіздер қырқынан шыққан соң ғана жүктеген.
«Жүрегім менің – молодой, әйелім менің – золотой, балаларым бар – дорогой» деп әндеткен әкенің қуанышына ортақтасып, тілек білдіріп жатқандар көп. Әлібек әйелі екеуі 13 жыл отасқанын және екі ұлдың дүниеге келуі оның үлкен арманы болғанын айтты. Сондықтан ол осындай қуанышты сәтті шармен, гүлмен, отшашумен көмкеріп, перзентханадан әйелі мен егіз ұлдарын лимузинмен алып кеткен. Хит болған әке:
«Келіншегімнің жүктілік кезеңі жеңіл болған жоқ. Перзентханадан шыққанда оны қуантқым келді. Жұмақтың есігін ашып беретін үш қызымды тәрбиелеп отырған жұбайым. Шүкір, ұрпағымды жалғайтын төрт ұлым бар. Әлеуметтік желіге де видеоны әдейі жүктедім. Қазір көпбалалы отбасыларды мұқтаж, үйсіз-күйсіз етіп қана көрсетеді. Көңілді көпбалалы отбасын қазақ еліне көрсеткім келді. Әр баланың өз несібесі бар. Ер адам еңбектенсе, отбасын асырай алады», – дейді көпбалалы әке.