Оқиға бүгін, 7 қаңтарда сағат 08:52-де Нұр-Сұлтан қаласы Есенберлин көшесіндегі көлік жуу орталығында болған
Нұр-Сұлтанда 13 көлік өртеніп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv. Оқиға таңғы 08:52-де, Есенберлин көшесіндегі көлік жуу орталығында болған. Қалалық Төтенше жағдай департаментіне темір тұлпарлардың жанып жатқаны жайлы ақпарат түскен. Бірден өрт сөндірушілер бөлімінен 9 бірлік техника мен жеке құрамдағы 15 адам тілсіз жауды сөндіруге шыққан. Көлік жуу орнында автокөлік көп болғандықтан өртті сөндіру қиынға соққан. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Сарыарқа ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Саят Әбішев өрт сөндірушілер уақытылы келгендіктен жарылыс болмағанын айтты. Ол:
«Меншік нысаны бойынша барлық кісілердің арыз-шағымы есепке алынады, сот сол бойынша шешім қабылдайды. Бүгінгі жағдайда өрт сөндірушілердің оқиға орнына тез арада келгендіктен, жарылыс орын алмады», – деді.