Алматы маңында болған ұшақ апатына қатысты зиялы қауым көңіл білдірді

Алматы маңында болған ұшақ апатына қатысты зиялы қауым көңіл білдірді
Авиация жүйесіндегі қауіпсіздік мәселесіне жіті назар аудару керек дейді олар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жан түршіктірер апат салдарынан көз жұмған әріптесіміз, журналист Дана Круглова таңғы рейске жаңа жылды Нұр-Сұлтанда ата-анасымен бірге қарсы алу үшін отырған. Танымал журналист Informburo ақпараттық агенттінің шығарушы редакторы болып еңбек еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Дана Круглова 1984 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген. Ол Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Informburo.kz порталында 2016 жылдан бастап жұмыс істеген. Марқұмның Алматыда жұмыс бабы бойынша кездесулері болыпты.

«Жолда көп жүретін мамандардың бірі – тілшілер, журналистер. Өзімнің басымнан да қанша іс-сапарлар өтті. Бәріміз басымызды қатерге тігеміз. Мамандық сондай. Мен өзім Дананы жеке білген емеспін. Таныған адамым емес. Бірақ сырттай өзімнің әріптес-сіңлім ретінде жұмысына қанықпын. Өте бір болашағынан үміт күттірген, өте белсенді жас еді. Бастысы жас еді. Берері көп еді. Және жаңа жыл қарсаңында Жаңа жылды ата-анаммен қарсы алам деп, Алматыдан Нұр-Сұлтанға асығып келе жатқан екен. Қан жұтып ата-ана қалды. Жұмыс орны бос қалды. Дананың әрине арманы болған шығар. Әрине, болашақта осындай болам деген, діттеген мақсаты болған шығар. Әттең, соған жетпей кеткеніне көңілің құлазиды. Қайғырасың», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана НҰРЖІГІТ.

Ал, қазаққа танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев та халықты есеңгіреткен қайғылы жағдайда мерт болғандардың тума-туыстарына, жалпы қазақ халқына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді. Айтуынша, Алматы маңында болған апат авиация жүйесіндегі қауіпсіздік мәселесіне жіті назар аудару керек екенін тағы бір рет ашып берд дейді.

«Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek air  әуе компаниясына тиесілі әуе кемесінің апатқа ұшырауы барша Қазақстанды қабырғасын қайыстырып, елімізді елеңдетіп қойғаны ақиқат. Өзім де осы Bek air  әуе кемесімен талай мәрте ұштық. Жасыратыны жоқ, енді осы әуе кемесіне билет алған кезде мүмкіндігінше Air Astana-ға билет алуға тырысамыз. Өйткені, әрбір қазақстандықтың жүрегінде жолға шығар кезінде Bek air  мен Scat компаниясына белгілі бір дәрежеде сенімсіздік бар. Оны жасыруға болмайды. Неге? Ол жаңағы осы компанияларға тиесілі әуе кемелерінің ескілігі, қауіпсіздік қабілетінің төмендігі деген сияқты. Енді біздің қоғам үшін ең маңызды құндылық - адам ғой. Сондықтан адамның қауіпсіздігіне біздің мемлекет осы әуе жолындағы тасымалмен айналысатын әрбір әуе компаниясына өте биік маңызды іс беріп қарау керек деп ойлаймын», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол ӘЛТАЕВ.

Новости партнеров