|
06.03.2024 | 20:56
1418

Аралға сексеуіл көшеті егілді

Эковолонтерлер келер жылы да қатысушы санын арттырмақ

Аралға сексеуіл көшеті егілді Almaty.tv

Арал теңізінің сор басқан ұлтанында тіршілікті түлету қажет. Бұған дейін Мемлекет басшысы құрғаған 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл көшетін егуді тапсырған. «Әлемді алаңдатқан Аралдың ахуалын аз да болса қалыпқа келтірсек» деген ниетте еріктілер экожоба бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қысы-жазы құм суырып тұратын теңіз табанында 2 миллион гектардан астам жер құрғап қалған. Әсерінен жыл сайын 100 миллион тонна тұзды шаң ауаға көтеріледі. Ал осы экологияны жақсартуға сексеуілдің пайдасы өте зор. Мәселен биіктігі 1,5 метрге жететін әр түп сексеуіл 4 тоннаға дейін құм көшкінін ұстайды. Осыны ескерген белсенділер Арал тағдырын жақсартуға тамшыдай болса да үлес қоспақ.

– Теңіздің осындай жағдайға жеткені өкінішті. Бір кездері судың тереңдігі 40 метр болған деп айтып жатыр. Ал қазір адам сенгісіз. Теңіздің құрғауы экологиялық апат қой. Әйтеуір қолымнан келгенше экожобаға қатысқанымды мақтан етемін, – деді ерікті Каролина Солэмен.

Аралды аман алып қалуға ағаштар көмектеседі деген соң, орманшылар 10 мың дана сексеуіл көшетін әзірлепті. Тамыры түрлі минералды тыңайтқыштармен қоректендіріліпген шөлге төзімді өсімдік ылғалсыз-ақ өсіп-өне беретін көрінеді. Мамандар «бұл – сексеуіл егудің ең тиімді әдісі» дейді.

– Әрине, көшетпен отырғызғанның өнімділігі жоғары. Бірақ тұқыммен отырғызғанда біз көлемін молырақ істей аламыз. Шығымдылығы сол 25-27 пайызға дейін барады. Ол өте жақсы көрсеткіш, – деді «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры Әліби Ғазизұлы.

– Басында оңай болатын шығар деп ойладым. Бірақ өте ауыр жұмыс екен. Қазудың өзі қиындық туғызды. Бірақ осында келгеніме еш өкінбеймін. Теңізге су әкелу мүмкін болмаса да, табиғатын қайта қалпына келтіруге атсалысуымыз керек. Елімізді, жерімізді өзіміз қадірлемесек, ешкімнің жаны ашымайды, – деді ерікті Жұлдыз Жазылбекова.

Жалпы тәуелсіздік жылдарында орманшылар теңіз ұлтанының 550 мың гектар аумағына сексеуіл еккен. Алғашқы отырғызылған ағаштар бүгінде алқапқа айналып, өлі аумақта тіршілік түлей бастады. Ал бұл жолы жетпіске жуық ерікті топ-топқа бөлініп, шөлге төзімді ағаштарды отырғызуға атсалысыпты. Эковолонтерлер келер жылы да қатысушы санын арттырып, игі істің ауқымын кеңейтсек деген ниетте.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Алматы жылу желілері кесілген ағаштың орнына 1770 жаңа ағаш отырғызады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир