«Басқаларға ұнауға міндетті емеспін». Бұл "бодипозитивті" ұстанушылардың ұраны. Бодипозитив деген термин 1960 жылдары АҚШ та артық салмағы бар адамдардың қозғалысы ретінде пайда болған. Алайда уақыт өте келе туа біткен немесе өмірден алған физикалық ерекшеліктері бар жандардың ортақ ұстанымына айналды. Мұны біреу дұрыс дейді, енді бірі бұрыс деп сөгеді. Дегенмен, көпшілік бодипозитивтің негізгі мақсатын дұрыс түсіне ме? Дене позитиві семіздікті қолдайды деген түсінік қаншалықты шындыққа сай? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай зерттеп көрді.
Сұлулық стандарттарымен күресуге бағытталған әлемдік тренд елімізге де еніп үлгерді бүгін. Қазір бұл қозғалыс жас, нәсіл, денсаулық жағдайы мен жыныстық бөліністен туындайтын мәселелердің алдын-алуды мақсат етеді. Алайда мамандар дене позитивтің жасанды қолдаушыларының көбейіп кеткенін айтады.
«Айнаның бетіне қарап«мен өз-өзімді қабылдадым, өйткені бодипозитивді солай айтылған»деп қабылдай салу ол өте орынсыз. Ең орындысы - ол әр заттың өз нормасымен қабылдауы», – деді психолог Мөлдір Әміртай.
Айдархан Cәрсен дүниеге аппақ, яғни "альбинос" болып келген. Бүгінде 20 жасар қазақ жігіт фотографтардың арасында үлкен сұранысқа ие. Болашақта сән агенттіктері онымен бірге келіссөз жүргізу үшін таласатынын тіпті ойламаған. Аппақ шашы, қасы, кірпігі және түсі құбылып тұратын көздері оны басқа балалардан ерекшелеп тұрады.
«Негізі бұрын ойламағанмын модель боламын деп. Сосын көріп жүрдім мен сияқты осындай ерекше модельдерге сұраныс бар екенін. Содан кейін ойладым өзімді не үшін көрсетпеске деп. Ерекше болудың өз плюсы, минусы бар дейді ғой. Енді оның жақсы жағын іздеу керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Айдархан Сәрсен.
Сәт сайын өзгеріп тұратын әлемдік сұлулық стандарттарын жоққа шығарып, жаңа тенденцияны ұстанып жүргендердің бірі - Іңкәр Төлегенова. Сәнгер ару әу баста өзіне артық салмақтан арылу міндетін қойған. Оған себеп қыздың ірі дене бітімі. Алайда, сансыз диеталар денсаулығы мен психикасына үлкен соққы болып тиген. Қазір ірі дене бітіміне көндіккен Іңкәр танымал брендтерді жарнамалап жүр.
«Көп қыздар өздеріне көңілі толмай, өз тәнінен ұялады. Мінсіз боламын деп түрлі амалдарға барады. Кезінде мен де өзімді солай сезінгенмін. Бірақ уақыт өте келе мұның дұрыс еместігін түсіндім», – деді сәнгер Іңкәр Төлегенова.
Беттегі сепкіл, ірі дене бітімі, альбинизм,терідегі дақтар. Мұндай өзгеше әлпетті жандар мыңнан бір болып туылады екен. Осы орайда психиолог мамандары өз ерекшелігіңмен мақтану керек дейді. Сондай-ақ, әлемдік сұлулық стандарттарын қуалап, мінсіз бола түсем деген жандардың психологиялық ауытқуы барын айтады.
«Сұлулық стандарттары әрдайым өзгеріп отырады. Мәселен, орта ғасырларда жіңішке қастар сәнде болса, қазір қалың қастар трендте. Сондықтан сән талаптарына үнемі ілесіп отыру мүмкін емес. Ал басқалардан өзгешелігіңіз неғұрлым ерекше болса, сіз соғұрлым әдемісіз және бірегейсіз», – деді психолог Ольга Солоненко.
Бодипозитив – өзгеге сыйластық таныта отырып, өзіңді қабылдау. Тенденция қарқын алғалы сән агенттіктері арасында ерекше бет-әлпетті жандарға деген сұраныс арта түскен.
Сымбат Ноғай, Арсен Сандыбаев, Медет Саматұлы,«Алматы» телеарнасы