Қаулы жобасы 8 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды
Елімізде 2 жаңа мереке пайда болады. 9 қыркүйек – Кәсіпкерлер күні және 19 желтоқсан – Жарнама маманы күні атап өтілетін болады. Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" үкімет қаулысына өзгерістер дайындады. Қаулының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаулыға сәйкес, мерекелер тізімі екі мейраммен толығады: Қазақстан кәсіпкерлері күні – 9 қыркүйек және Жарнама маманы күні – 19 желтоқсан.
Қазақстанда 1,6 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Олардың барлығы ел экономикасының жақсаруына айтарлықтай үлес қосып жатыр.
"Соңғы екі жыл әсіресе қиынға соқты. Пандемия қысқартуға, оңтайландыруға, басқару модельдерін, бизнес форматтарын қайта қарастыруға мәжбүр етті. Осыған байланысты жаңа мереке – Қазақстан кәсіпкерлері күнін – 9 қыркүйекке бекіту ұсынылады. 2013 жылы осы күні Қазақстанның барлық бизнесін бір арнаға тоғыстыратын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы құрылтайшылардың бірлескен шешіміне қол қойылған болатын", - делінген негіздемеде.
Ал жарнама мамандарының кәсіби мерекесін "Жарнама туралы" заңның қабылданған күніне орай бекіту ұсынылды.
Министрлік бүгінде жарнама саласы Қазақстандағы әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосып жатқанын айтып өтті. Республикада 2 мыңға таяу жарнама ұйымы тіркелген, онда 100 мыңға жуық жарнама маманы жұмыс атқарады.
Қаулы жобасы 8 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.