Нұрлан Сауранбаев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқармасының шешімімен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бүгін "ҚТЖ" АҚ-тың жаңа басшысын ұжымға "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев таныстырды", – делінген хабарламада.
Бұған дейін Нұрлан Сауранбаев Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылған болатын.
Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1991 жылы "экономист" мамандығы бойынша бітірген.
2001-2002 жылы ЭНИ-Аджип Милан (Италия) мұнай өнеркәсібін оқыту орталығында оқыды. 2016 жылы Тұңғыш Президент - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде "әскери және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша білім алды.
90-шы жылдары "еңбек" компаниясының бас директоры қызметін атқарды, Қазақстан кәсіпкерлері конгресінің атқарушы директоры болды. 2004-2007 жылы "ТеңізСервис" ЖШС бас директоры қызметін атқарды.
2011-2014 жылы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды. Кейін Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды.
2017 жылы EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетін басқарды.
2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың маусымына дейін Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды.
Нұрлан Сауранбаев Президент Әкімшілігінде 2019 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істеді.