Өңірде бензин бағасы соңғы рет тамыз айында 149 теңгеден 153 теңгеге өскен болатын
Сұйық отынның бағасы бірден 5 теңгеге көтерілген. Көлік жүргізушілері әрине бағаның қымбаттап жатқанына наразы. Cебебі мұнай бағасы екі есе арзандағанмен бұл өңірде жанар-жағармай құны, керісінше шарықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір Петропавлдағы жанармай бекеттерінде Аи-92 маркалы сұйық отынының бір литрі 157 - 158 теңгеден сатылып жатыр. Автокөлік иелері болса, бағаның неліктен шарықтап жатқанын түсінбей аң-таң.
«Өзіміздің бензин болса да, қымбаттап жатыр. Бұл өте жаман. Қарап тұрсақ, мұнай өзіміздікі, бензин өзіміздікі. Бұл экономикаға байланысты, бірақ бәрібір еліміздің ішінде баға қолжетімді болуы керек қой. Бензин құйып үлгермейміз, ал бағалар қымбаттап жатыр», – дейді бір тұрғын.
«Жақында егін науқаны басталады, сол үшін қымбаттаған шығар. Бағаны жарты есеге арзандату керек, сол кезде астақ та көп болады. Бірақ олай емес, керісінше шарықтатып жатыр», – деді екінші тұрғын.
«Әрине ұнамайды. Егер бензиннің сапасы жақсы болса, түсінер едім. Бұған дейін қанша болды, ал қазір қаншаға қымбаттады, қараңыз. Газ да, бензи де қымбаттады. Халық қалай өмір сүру керек?Ал жалақымыз қалай болса, солай қалды. Өскен жоқ», – деді келесі бірі.
Жергілікті билік өкілдері мұнайдың бағасы түскенмен, сұйық отынның қымбаттап жатқанын растап отыр. Бензиннің құны енді арзандамайды, оған мемлекеттік реттеудің болмауы себеп дейді.
«Бағаның көтерілу себебі ол биылғы жылдың басынан бастап акциз бағаларының екі есеге көтерілуіне байланысты. Біз мұнайдың бағасына мониторинг жасамаймыз, біз бензиннің бағасын бақылаймыз. Және де қазір мемлекеттік реттеу жоқ. Сондықтан оған былай нарықтың сұранысы бойынша баға қалыптасады», – деді облыстық әкімдіктің өкілі Мұрат НҰРҚАНОВ.
Былтыр өңірде бензин бағасы соңғы рет тамыз айында 149 теңгеден 153 теңгеге өскен болатын. Ал биыл жыл басынан сұйық отынның құны екі рет көтерілді. Осыған дейін АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 153 теңгеден сатылған еді.