Ақкенттегі өрт: зардап шеккен тұрғындар пәтеріне оралды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұған дейін тұрғындарға әкімдік тарапынан 2 айлық пәтерақы төленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақкент тұрғын-үй кешенінің өрттен зардап шеккен тұрғындары пәтеріне оралды. Олар бұған дейін оқиға орнында жөндеу жұмысы жүргізілгендіктен, жалдамалы баспанада тұрған еді, деп хабарлаймыз Almaty.tv.

Екі айдың ішінде инженерлік коммуникациясы ретке келіп үлгерген Ақкенттегі үйлер 10 қыркүйектен бастап қолданысқа қайта берілген еді. Содан бері кезең-кезеңімен тексерісі өтіп, құжаты қаралған тұрғындар күні кеше үйіне толық көшті. Медігерлер «пәтерлерге сіңген түтін иісін озондау технологиясы арқылы қалыпқа келтірдік» дейді.

– 95 тұрғын үй сырланды. Пәтердің ішіндегі сынған әйнек, есіктер, терезелер ауыстырылды, қалпына келтірілді. Кабель толығымен ауысты, баспалдақ, пәтердің іші сырланды, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков

– Жұмысты толық аяқтадық. Мердігер компания лифтіден бастап, барлық қажетті дүниені қалыпқа келтірдік. Қазіргі таңда бәрі жұмыс істеп тұр, – деді мердігер компанияның директоры Қанат Ералиев.

Үйіне оралған отбасыларға арнайы іс-шараның ұйымдастырылғанын да айта кетейік. Басқосу барысында өміріне қауіп төнсе де өзгелерді құтқарған тұрғын Жәнібек Құлыбаевқа алғысхат табысталды. Сондай-ақ шағынаудандағы 58 үйдің өрт қауіпсіздігі тексерілді.

– Тұрғын үй толық жөндеуден өтті. Бұрын су ақпайтын, құбыр ауыстырылған. Енді ешқашан өрт болмасын, – деді қала тұрғыны Санат Қайратұлы.

Бұған дейін тұрғындарға әкімдік тарапынан 2 айлық пәтерақы төленген еді. 1 тамыздағы апатта мұндағы 300-ден аса адам эвакуацияланды. Ал өрт кезінде өзгелерді құтқаруға атсалысқан 6 азамат Президент тапсырмасы бойынша «Ерлігі үшін» марапатталған еді.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстан қоржынына Азиаданың төртінші алтыны түсті

Новости партнеров