Алматыда сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйымның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда әзірленіп жатқан Орта Азия елдерінің сейсмикалық картасы мен қауіпті аудандарда ғимараттар мен құрылыстарды салуға арналған нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу мәселелері талқыланды. Жиында ТМД елдерінің құрылыс саласындағы бейінді министрліктерінің өкілдері мен Канада, Жапония, Қытай елдерінен келген жетекші халықаралық сарапшылар бас қосты. Мамандар нысандарды сапалы модельдеу және есептеу, соның ішінде ғимараттар мен құрылыстарды инженерлік тексеру және күшейту әдісіне тоқталды.
– Мақасат – құрылыс нормаларын кеңінен талқылап және ТМД елдерінің қатысушыларына Қазақстанның және базалық ұйымның тарапынан тұтастай бірыңғай нормативтік-техникалық құжат әзірлеу. Бұл не береді? Сейсмискалық төзімді құрылысқа байланысты талаптың барлығы бірыңғай тетіктен әзірленеді, – деді «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев.
Сондай-ақ жиын барысында жетекші мамандар ғимараттар мен құрылыстарды сейсмотұрақты етіп салу, оның деңгейін бағалау және арттыру бойыншы нақты тәжірибелерді ортаға салды. Жер сілкінісінен кейін сақталған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары мен тұрғын үйлерге табиғи вибродинамикалық сынақтар жүргізудің тиімділігі де сөз болды.
– Орталық Азия құрылыс алаңын жаңғыртуға бет бұрып келеді. Отырысқа жиналған мамандар ғимараттар мен құрылыстарды инженерлік тексеру және сейсмикалық күшейту әдістеріне қатысты озық тәсіл ұсынып отыр. Әрі паспорттаудың практикалық нәтижелері де талқыға салынып жатқандықтан, мұндай жиынның маңызы зор, – деді жер сілкінісін жобалау жөніндегі тұрақты комитеттің кеңесшісі Туна Онур (Канада).
Оқи отырыңыз: Алматының қай көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі