Қоқыс полигонынан шығатын иіске уланып отырмыз – байзақтық тұрғындар

24.02.2021 23:28

Байзақ ауданына қарасты Аймантөбе ауылының жұрты он жылдан бері шыр-пыр

Карьер көп, жайылым жер жоқ. Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданында бүтін бір ауыл жұрты шағыл тас шығаратын карьерлерден зардап шегіп отырмыз дейді. Тұрғындарының айтуынша, қазылған өндіріс ошақтары елдімекеннің тіршілігін тұралатқан. Оған қоса, жақын маңдағы қоқыс полигонының да машақаты бар. Оның иісі аймаққа тарап, ел-жұрттың тынысын тарылтып жатқан көрінеді. Әкімдіктің айтар уәжі қандай? Қос тарапты тыңдап қайтқан Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ тарқатсын.

Байзақ ауданына қарасты Аймантөбе ауылының жұрты он жылдан бері шыр-пыр. Тұрғындар дәл елдімекен іргесіндегі шағылтас шығаратын екі карьер «кесір боп жабысты» дейді. Аумағы ат шаптырым болатын өндіріс ошақтарының «құрсауында қалдық» деп жыларман. Тіпті, ауылдан малды жайылымға шығару мұң.  Өйткені карьерлердің кесірінен төрт түліктің өрісі тарылған. Енді ауылдағы ағайын кәсіпорын иелерінен халықтың жері қайтарылсын деп талап етіп отыр.

«Мал жайылымының бәрін талқандаған. Су шығып кеткен. Халықтың  қолынан ештеңе келмей жатыр. Билігіміз жүрмей жатыр. Өйткені олар байдың баласы. Халықты менсінбейді. Ал, енді қайда барып шағымданатынымызды білмейміз. Бізге жайылым жер керек. Ал, оны карьер қылып тастады», – деді Байзақ ауданының тұрғыны Махан Атамқұлов.

Тұрғындарды титықтатқан бұл мәселе осыдан бес жыл бұрын шешімін тапқандай болған. Себебі ауыл тұрғындары кәсіпорын иесімен соттасып, нәтижесінде сот халықтың пайдасына шешілген. Бірақ...

«Бірақ бүгінге дейін ол полигон жабылған жоқ. Завод сол қалпында тұр. Соттың шешіміне олар құлақ асып жатқан жоқ. Ешқандай шара қолданып жатқан жоқ...», – деді Байзақ ауданының тұрғыны Махан Атамқұлов.    

Ал, атқамінерлер халықтың құтын қашырған бұл проблеманың шешілуі карьердің иесіне байланысты деп кәсіпкерге сілтей салды.

«Мұхиев Есейден 35 гектар жер қайтарылып алынды. Сот шешімі бойынша ол кісі қайтарып берді. Сол жерлерді қайтадан тегістеп, жерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ол жасап беруі керек», – деді Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Әбдуәлиев.

Тұрғындардың жанына батқан тағы бір мәселе – қоқыс полигоны. Елдімекеннен небәрі екі шақырым жерде жатқан тұрмыстық қалдық алаңынан тараған иіске уланып жатырмыз дейді. Биліктен қолқаны қапқан иістен құтқаруды да сұрайды. Ал, қызметіне тағайындалғанына жарты жыл да болмаған округ әкімі бұл проблеманы шешу үшін халықтан 1 жыл уақыт беруін сұрады. Жергілікті билік келер жылға дейін жер қатты қалдық тастауға ыңғайлы жер таңдап, қоқыс полигонын көшіреміз дейді.

«Бір жылға сіздерден сұранамын. Қазіргі таңда басқа жерден жер қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда 30 гектар жерге жер таңдау актісі дайындалып жатыр», – деді Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Әбдуәлиев.

Демек, әкімнің сөзіне сенер болсақ, келер жылы Аймантөбелік ағайын қоқыс полигонынан құтылатын болады. Ал, жайылым жер мәселесі кәсіпкер кіріссе ғана шешімін табады,-дейді жауаптылар.  

Мерей Бает Шыңғысхан Кеңесхан «Алматы» арнасы, Жамбыл облысы