Олар Ақмола облысында тағы бірнеше шара өткізуді жоспарлап отыр
Ел президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың аймақтардағы штабтары да үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Оның сенімді өкілдері Ақмола облысының жұртын кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құжаттың басты бағыттарын талқылаған жұрт ұсыныстарын да жаудырды. Жергілікті мәдениет үйінде өткен жиынға негізінен білім саласының қызметкерлері қатысты. Штаб жетекшісі әуелі кандидатты, содан соң оның бағдарламасын таныстырды.
«Әміржан Қосановтың өкілі ретінде осында келіп, үгіт-насихат жұмыстарын бастап жатырмыз. Бүгін біз өңір жұртына оның бағдарламасымен қатар, өзінің қандай қызмет атқарғанын, ел үшін, халық үшін қандай не істегенін таныстырдық», – деді Ә. Қосановтың облыстық штабының жетекшісі Дахан ШӨКШІР.
«Ұлт тағдыры» деген қозғалыс бар елімізде. Міне, осы қозғалыс өзінің сенімді бір тұлғасы ретінде Әміржан Қосановты кандидат ретінде ұсынды», – Айнұр АУЖАНОВА.
Дөңгелек үстелде жұрт үміткер бағдарламасының маңызды тұстарын талқылауға мүмкіндік алды. Әсіресе, құндылықтар мәселесіне басымдық берілді. Бұдан бөлек, қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген өзекті сауалдарға жауап алды.
Әміржан Қосановтың өкілдері Ақмола облысында тағы да бірнеше шара өткізуді жоспарлап отыр.