17 маусымда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Алматыдағы «Атакент» көрме кешенінде көшеден тамақтанудың қауіпсіздігіне бағытталған акция өткізді. Іс-шара медициналық-санитариялық алғашқы көмек мәселелеріне арналған «Баршаға денсаулық» VI Халықаралық конгресі шеңберінде жүзеге асырылды.
Акция барысында Оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына көшеден тамақ ішіп, уланған адамға шұғыл көмек көрсетуге жолдары ұсынылды. Театрландырылған көрініс ретінде болған форумда жіті уланудан зардап шеккен адамның рөлін ойнаған әртіске кез келген адам көмек көрсете алды. Осылайша, мамандар қатысушы адамдарға күнделікті көшеден тамақтанудан гөрі дұрыс, пайдалы тағамды тұтынудың маңыздылығын түсіндірді.
Әдетте, фастфудты адамдар тез жүрек жалғау үшін алады. Мұның қатарына стрит-фуд (ағылшын тілінен street – көше) деп аталатын ұғымды жатқызуға болады – яғни, көшелерде, дүңгіршектерде, палаткаларда сатылатын түрлі тіскебасарлар.
Тез әзірленетін тағамның құрамында натрий, консерванттар, трансмайлар мен холестериннің құрамы өте көп. Мұндай тағамды ұзақ мерзім бойы тұтыну жоғары қан қысымы, жүрек ауруы мен семіздік сияқты денсаулыққа зиян келтіреді. Қазақстан осындай аурулар бойынша өлім-жітім көрсеткішінде бірінші орында тұр.
Ал, әлем бойынша әр бесінші адам дұрыс тамақтанбау салдарынан көз жұмады екен.
Көшеден тамақтанудың тағы да бір қауіптілігі – антисанитария және пайдаланылатын азық-түліктер сапасының төмен болуы. Бұлардың барлығы денсаулыққа, әсіресе көшеден көп тамақтанатын жастар мен жасөспірімдердің денсаулығына өте зиянды.
Осы ретте біз өз денсаулығымызға зиян келтірмейтін әрі кез келген адам жасай алатын бірнеше қарапайым шараларды ұсынамыз:
1. Көбірек су ішіңіз, кейде қатты шөлдеу де аштық сезімін тудырады;
2. Асты үйде әзірлеп, оны өзіңізбен алып жүруге тырысыңыз;
3. Үйде ас әзірлей алмаған жағдайда, көшеден пайдалы тіскебасар сатып алуға тырысыңыз – жаз мезігілінде көбірек жеміс-жидектер жеген дұрыс.
4. Ас мөлшерін бақылаңыз – мейрамханадан ас ішетін болсаңыз, аз тамаққа тапсырыс беріңіз және тойып жемеңіз. Егер зиянды тамақтан бас тарта алмасаңыз, онда оны жеңілдетсеңіз болады: мысалы, газдалған сусынның орнына ауыз суын пайдаланыңыз және қуырылған картоп жемей-ақ қойыңыз.
5. Ас үлесіңізді мүмкіндігінше өзгертуге тырысыңыз – оған көбірек көкөністер мен жеміс-жидектерді қосыңыз.
Өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына жауапты болыңыздар!