Қарғын су: Ақтөбе облысында 300-ден астам жеке үй мен пәтер сатып алынады

Almaty.tv
Almaty.tv
Ойыл мен Қобда ауданында 14 елдімекендегі 600-ге жуық үй су астында қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында баспанасынан айырылған отбасылар үшін 300-ден астам жеке үй мен пәтер сатып алынады. Сондай-ақ су алған тағы үш мың ғимараттың иелеріне жөндеу жұмыстары үшін өтемақы беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ойыл мен Қобда ауданында 14 елдімекендегі 600-ге жуық үй су астында қалған. Онда бүгінге дейін су басқан тұрғын үйлерді жөндеуге 64 миллион теңге төленсе, 282 отбасы бүлінген мүлкі үшін өтемақы алған. Ал бірде-бір бүтін ғимараты қалмаған Екпетал ауылында қазірдің өзінде 27 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді.      

– Үйіміз суға кетті. Бірталай қиыншылық болды. Бірақ зәулім шаңыраққа қолымыз жетіп, Үкіметтің жартылай көмегімен, өзіміз жетпегенін қосып, қуанып жатырмыз, – деді Екпетал ауылының тұрғыны Жалғас Төлеуішов.

– Жаңа баспаналы болғанымызға қуаныштымыз. Үкімет тарапынан берілген барлық қолдауға рахмет айтамыз, – деді Қаратал ауылының тұрғыны Салтанат Рзина.

Берсиев атындағы ауылда үйінен шығудан бас тартқан тұрғындар уақытша киіз үйде тұрып жатыр. Сондай-ақ 125 жаңа шатыр да жеткізілген. Қазір ауылдағы тұрмыс бірте-бірте қалпына келтірілуде. Мұнда 200 үй қираған. Тек 19 ғимарат аман қалды. Ал Қобда мен Жарық ауылдарында судан 288 тұрғын үй зардап шекті. Оның ішінде 154 үй апатты жағдайда, қалғанын жөндеуге келеді. Тасқын алдымен жеткен де осы – Темір өңірі.

– Құмсай ауылында 2024 жылдың 28 наурызда су тасқынынан Темір өзенінің арнасынан асуына байланысты бірнеше үй суға кетті. Құмсайда 75 тұрғын үй болса, 41 үй зардап шекті. Жергілікті жерден 5 азамат қосылған аудандық комиссия 39 үйді тексерді, – деді Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Мәди Шүйіншалин.

Бұл елдімекенде 40 үй мен бір шаруа қожалығын су басқан. Салдарынан 27 үй толығымен қирап, адамдар көшеде қалды. Олар төрт адамға арналған контейнерлерге орналастырылған.

– Бәріне шүкіршілік етеміз. Бізден де қиын жағдайға тап болған жандар бар. Жақынын жоғалып жатыр, – деді Құмсай ауылының тұрғыны Мирамгүл Баймағамбетова.

Су тасқынынан кейін үйлерін қалпына келтіру мүмкін болмаған Ақтөбенің шетіндегі саяжай елдімекен тұрғындары жаңадан салынып жатқан үйден баспана алады. Бүгінде 100 пәтердің 32-сі сатып алынды. 585 отбасына үй жөндеуге ақша берілді. Төлемдердің жалпы сомасы екі миллиард теңгеге жуықтады.

– Бүгінгі таңда 487 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.Барлығы 641 үй салынады. Ырғызда орталығында құрылыс жұмыстарын бастауға мердігерлер жұмылдырылды. Ал Нұра ауылында судың кеппеуіне байланысты жерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.

Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 151 тұрғын үй салынады. Облыс орталығы мен Жарық ауылында 134 үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бағалау комиссиясының қорытындысы бойынша 640 жаңа үй салу, 316 үй сатып алу және үш жарым мыңға жуық ғимаратты қалпына келтіру жоспарланып отыр.  

Талант Айымбетов, Ләйлә Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз: Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен 53 отбасы үйлі болды

Новости партнеров