Алматыда жабайы сауда нүктелеріне тосқауыл қойылды

29.02.2024 23:33

Жоспар бойынша жабайы базардың аумағына әсем алаң салынады

Almaty.tv

Жылдар бойы жабайы саудадан опық жеп келген тұрғындардың талап-тілегі орындалды. Алматыдағы орталық көшелердің біріндегі заңсыз сауда нүктелерінің жұмысына тосқауыл қойылды. Жабайы сауданы жанбағыс еткен жандардың жұмысы заңдастырылып, кәсіпкерлерге басқа базарлардан жеңілдікпен орын берілді. Ал ескі жерге көгалданған әсем алаң жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Розыбакиев көшесінің бойындағы көпқабатты үйдің тұрғындары жылдар бойы жағымсыз иіс пен керітартпа көріністен көз ашпай келген. Ауланы жайлаған жабайы сауда нүктесінің кесірінен көше ит-мысық пен қоқысқа толып, көпшіліктің мазасын алған. Жуық арада көптің көкейіндегі мәселе шешіліп, талайды қуантты.

«Бұл жерде жайма базар ашылғанда ауладағы тыныштық бұзылды. Күні-түні шудан ұйқымыз қашатын. Оның үстіне жағымсыз иіс, тышқан мен маса қаптап, төменгі қабатта тұратындар терезе ашудан қалған. Саудагерлер санитарлық нормаларды бұзып, жердің бәрі қоқыс болып жататын. Тұрғындар болып өтініш, шағымдарымызды жаздық. Екі апта бұрын осы учаске қоршалып, саябақ жасалатын болды. Аймақ көгалдандырылады деді. Бұл біз үшін жақсы жаңалық», – деді қала тұрғыны Наталья Шамсутдинова.

Бейберекет сауданы күнкөріс еткендер, тапқан табысынан бір тиын да салыққа бермейді. «Заңсыз нүктелер қаладағы өзге де сауда және қызмет көрсету орындарына көлеңке түсіріп тұр» дейді мамандар. Ендігі жерде мұндағы сатушыларға әкімдік тарапынан алғашқы айларға жеңілдікпен басқа орындар ұсынылды.

«Райымбек көшесі мен Төле би көшесінің бойында жабайы сауда болғандықтан, сол кісілерде аудан әкімдігі бір жерге шоғырландырған болатын. Қазіргі таңда ол территория қала меншігіне өтіп, сол жерде қазір көріктендіру жұмыстары басталайын деп жатыр», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.

Қаланың сәулетті келбетіне кірбің түсіретін орындармен күрес қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша жабайы базардың аумағына әсем алаң салынады.

«Тұрғындардан келген өтініштің негізінде заңсыз сауда орны жабылды. Аймақта тазарту, алдын ала жерді дайындау жұмыстары басталмақ. Жоспар бойынша бұл аумақ енді көгалға толы алаң болады», – деді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.

«Қазірдің өзінде аула едәуір тазарып қалған» дейді жергілікті жұрт. Алмалы ауданының келбетін келтіріп, сәнін ашатын жаңа бақ қыркүйекке таман ашылады. 

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында оқушылар қабырғасы көгеріп тұрған мектепте оқуға мәжбүр