Қазақстанға қай елден туристер көбірек келді

17.09.2024 21:09

Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлім етті

elements.envato.com

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында елімізге 566,5 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 50,7 мың адамға көп. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға 515,8 мың шетелдік турист келген. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Статистикаға сәйкес, елімізге келетін шетелдік туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жақын көршілерден бөлек, Қазақстанға мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастады. Осы орайда, назарларыңызға 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізге келген туристер саны бойынша ТОП-5 елді ұсынамыз.

2024 жылдың алғашқы 6 айында елімізге ең көп саяхатшы Ресей Федерациясынан келген. Былтырғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанға 186,1 мың ресейлік саяхаттаған. Екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 69 918 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Үндістан (53 695 адам) жайғасты. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында Түркия (30 312) және АҚШ (19 597) елдері бар.

«Елімізге Үндістан, Түркия және АҚШ сияқты елдерден келетін туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік туристік картада жыл өткен сайын тартымды бағытқа айналып жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды және әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз», - деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы оқушылар неге мектепке бармайды