Алматыда биыл 1000 кәсіпкерге грант беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Кез келген азамат бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр Алматыда 300-ден аса көпбалалы ана кәсіп бастап, тұрмысын жолға қойған. Бизнес жоспарын бекітіп, мемлекеттен грант ұтып алғандар қазір бір-бір орталықтың жұмысын дөңгелетіп отыр. Бұл мақсатта бір ғана Алматының өзінде 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, бастама о бастан қолдау тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бибінұр Рахымбаева үш жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. «Қолдау» қорынан грант ұтып алған кәсіпкер қазір оқу орталығына жетекшілік етеді. Оған дейінгі уақытын 5 баланы оқытуға арнаған ана істі бастауға жеке тәжірибесі себеп болғанын айтады.

«Мен балалардың бәрі бірдей білім алады деп айта алмаймын. Кейде, оқушыларға мектептен тыс дайындық қажет болады. Ал көпбалалы отбасында мүмкіндік аз. Оның үстіне, карантин кезінде оқу бағдарламасын түсінбей қалғандар көбейді. Осының бәріне аз да болса, өз көмегімізді тигізгіміз келеді», – деді кәсіпкер Бибінұр Рахымбаева.

2 жылдың ішінде оқу орталығы 50 балаға білім берген. Олар үй тапсырмасын орындап қана қоймай, емтиханға дайындалып, шығармашылыққа да көңіл бөледі. Ал әлеуметтік осал отбасынан шыққан оқушыларға жеңілдік қарастырылыпты.

«Бұл орталыққа келгеніме көп болды. Мұнда шығармашылық қабілетімізді дамытамыз. Бос уақытымда тіл үйреніп жүрмін», – деді оқушысы Алиса Пак

«Мемлекет көмектесіп жатыр, меніңше қорқудың еш керегі жоқ. Бірақ ең алдымен адам өзінің қалауын, жоспарын айқындап алуы керек дер едім. Өйткені қандай іс бастасаң да, оны соңына жеткізген дұрыс. Ал нақты жүйесі жоқ бизнес аяқ алып жүре алмай қалуы мүмкін. Әңгіме – ақшада ғой, қаражатты тиімді пайдалану керек», – деді кәсіпкер Бибінұр Рахымбаева.

«Іс басталғанда күш көп кетті» деген кәсіпкер алғашында қиын болғанын жасырмады.  Дегенмен, Бибінұр сынды 510 отбасы былтыр кәсіп бастап, нәсібін тапқан. Бұл – мемлекеттік бюджеттен бөлінген жалпы гранттың үштен бірі әлеуметтік аз қамтылған отбасына арналды деген сөз.

«Өткен жылы Алматы қаласына 1570 грант берілген. Соның ішіндегі әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы аналардың ішінен 345 ана ең бастапқы грант алған. Ол 400 МРП, яғни 1 млн 280 мың теңге берілген. Сол суммаға байланысты олар енді ғана бизнес ашады немесе өз ісінің ары қарай дамып кетуіне көмектеседі», – деді  Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нариман Темешов.

Микронесиеге биыл тағы 1000 грант бөлінген. Ісін бірізді етемін деген кез келген азамат бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады.

Мадина Оқас, Салтанат Нұрғалиева, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров