Атырау облысындағы тұрғындар баспана сапасына шағымданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Доссор кентінің тұрғындары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйдің сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, пәтердің есік-терезесі сынып, қабырғасы жарылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2020 жылы салтанатты түрде табыс етілген тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспананың сапасы 3 жыл өтпей сыр бере бастапты. Қабырғасы сөгіліп, есік-терезесі сынып, сылағы түскен. Жел тұрған кезде үйдің шатыры да ұшып кеткен. Жиналған жұрт жарық жиі сөніп қалатынын айтты.  

– Не суы, не газы жоқ. Жарық сөніп қалады. Есіктің жақтауы сөгіліп, құлап жатыр, терезеден шаң, қыста жел кіреді, – деді Доссор кентінің тұрғыны Ғалия Асанбаева.

– Біз неге пәтерге жөндеу жұмысын жүргіземіз? Күйеуім де, өзім де  жұмыс істемеймін, көпбалалы анамын. Үйді жекеменшікке өткізіп берсін, өзіміз сынған жерін жөндеп аламыз, – деді Доссор кентінің тұрғыны Жанар Дүйсенбаева.

Көпбалалы ана Зәмзәгүл Елемесова шикілік бір ай өтпей жатып басталғанын айтты. Әкімдіктен қайыр болмаған соң, ай сайын 30-40 мың теңгеге бүлінген жерді жөндеп отыр.

– Бәрін қалтамыздан төлейміз. Масқара. Әкімдік өкілдерін жылда шақырамыз. «Алты айда жөнделеді» деген. Бірақ нәтиже жоқ, – деді  Доссор кентінің тұрғыны Зәмзәгүл Елемесова

Ал атқамінерлер жарытып ештеңе айтпады. «Баспананың сапасы жаман емес, үйді тұрғындардың өздері күтіп ұстауы керек» деп қысқа қайырды.

– Тұрғын үй заңында және қызметтік қаулысында айқын көрсетілген. Бұл үйдің ішкі жөндеу жұмысына пәтер иесі жауапты, күтіп ұстауға міндетті. Ешқандай жарылған қабырғаны көрген жоқпыз, – деді Мақат аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Өмірбай.

Тұрғындар облыс әкіміне барып, шағым айтпақ.

Оразай Нұртай, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Көкшетауда автокөліктер заңсыз тіркелген

Новости партнеров