Кітаптардың қатарында зерттеу еңбектері мен әдеби сын-зерттеулері бар
Алматыда қазақ қаламгері, белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының әдеби кеші өтті. Ғұмырын қазақ тарихындағы ақтаңдақ оғиғаларды зерттеуге арнаған жазушының кеші аясында оның алты бірдей кітабының тұсауы кесілді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шекара асып келген ағайынның арасынан әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңба қалдырып үлгерген жазушының «Бозмұнар» романы, «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері» атты зерттеу еңбектері, «Қытай қазақтарының әдебиеті» атты әдеби сын-зерттеулері, «Бегзат сөз» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, оқырмандар сұранысы бойынша «Қаралы көш» кітабы Ахмет Байтұрсынұлы үлгісіндегі төте жазумен де жарық көрді. Аталған шығармалардың тұсаукесерінде Темірхан Тебегенов, Жанат Ахмади, Ғалым Жайлыбай сынды белгілі тұлғалар пікір білдіріп, бағаларын берді.
«Жәди Шәкенұлы өз шығармаларында қазақ тарихының қазақстандықтарға белгісіз тұстарын ашумен айналысты. Ол зерттеген Шығыс Түркістан мен Шыңжаңдағы қазақтардың тілі бай, әдеби сөздік қорында терең мағыналы сөздері көп, ол кісі соны зерттеді», - дейді Филология ғылымдарының докторы Темірхан ТЕБЕГЕНОВ.
Қаламы қарымды Жәди Шәкенұлы 1967 жылы Қытай аумағына қарасты Өр Алтайда дүниеге келген. 1997 жылы Атажұртқа оралған жазушы «Шалқар», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ үні» газеттерінде жауапты қызметтер атқара жүріп, «Бір уыс сәуле» прозасы, «Жүрек неге жылайды» әңгімелер жинағы, балалар әдебиеті тақырыбында «Ақ балапан», «Арманшыл бала» кітаптарын жазған. Ал, елінің азаттығы үшін арпалысқан Елісхан туралы «Қаралы көш» романы түрік тіліне де аударылып үлгерді.
«Елбасымыздың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында айтады, төл тарихыңды біл, төл тарихыңмен мақтанатын бол деп. Соны өзіңнің ұрпағыңа мирас ет дейді. Сол тұрғыдан келгенде, біз тарихымызды, төл мұратымызды ұрпақтың санасына тереңдей сіңіру – осы буынның борышы деп есептесек, шеттен келген қаламгер ағайын сол бостықты толтыру үшін, сол жыртықты жамау үшін әл әрекетінше еңбек етіп, қаншама жылдардан бері қарай Тәуелсіздікке көл көсір байлықтар әкелді деп есептеймін», - дейді жазушы Жәди ШӘКЕНҰЛЫ.