Бұл туралы елордада өткен «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер» тақырыбындағы төртінші халықаралық діни-ғылыми конференциясында айтылды
Еліміздің Бас мүфтияты Ұлы Жібек жолы бойындағы мұсылман елдерінің рухани картасын жасауды ұсынды. Кітап түріндегі картада осынау тораптың бойындағы исламды қабылдаған 9 мемлекет пен асыл дініміздің тарихы баяндалмақ. Бастама құпталса, оған ислам ғалымдарының өмірі мен діннің тарау жолы туралы да ақпарат енеді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Карта электронды түрде де шығып, гаджеттегі бағдарлама арқылы азаматтар мешіт пен медреселер мекен-жайын көре алатын болады. Бұл ой елордада өткен «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер» тақырыбындағы төртінші халықаралық діни-ғылыми конференциясында айтылды. Жиынға Еуропа мен Азиядан діни өкілдері арнайы келген.
«Қазақстан – Ұлы даланың рухани мұраларын, дәстүрімізбен сабақтасып кеткен ислам қағидаларын құрметтейді. Алайда зайырлы, көп ұлтты мемлекеттерге тән өзге наным-сенім өкілдерінің де таңдауына шектеу қоймайды», - деді жиынның ашылу салтанаты барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ұлы Жібек жолы бойындағы мұсылман елдерінің рухани картасы жастарды теріс жолдан, радикализм мен терроризмнен аулақ етіп, олар мазалаған сұрақтарға жауап беретініне сенімді.
«Конференцияының қорытындысында біз Ұлы Жібек жолында орналасқан елдердің мұсылман қауымы бір ұстанымда, бір көзқараста, мақсатымыз бір екенін нақтылап, резолюция қабылдаймыз», - деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ
«Мектеп, институт пен университтен өзге, біздің жастарды көше, теледидар, телефон мен ғаламтор тәрбиелейді. Өкінішке қарай, жастарымыз басқа жолдағы идеологтар қолына түсіп, жолдан тайып кетіп жатады, ата жолымыздан адасады. Бұл өте қорқынышты», - дейді жиынға келген Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль ГАЙНУТДИН.