Алматы облысындағы Әли ауылының тұрғындары әлі күнге дейін газ құбырына қосылмағанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, маңайдағы ауылдың бәріне газ тартылған. Жасы алпыстан асқан Бибісара Маманова көмірді өзі жағып, отынды өзі жарады.
«Алты мезгіл көмір жақпасаң қатып қаласың. Ірісін таңдап, 18 мыңға алдым. Осы күнге дейін 5 тонна көмір жақтым. Үйге жеткізгені үшін 10 мың теңге алады», – деді Әли ауылының тұрғыны Бибісара Маманова.
Әли ауылындағы 300 отбасы тұтас отын жағып бой жылытады. Олар әсіресе, биыл қатты қиналғанын айтады. «Айлығымыз шайлығымызға жетпейді» деп мұңын шаққан жұрттың көмір сапасына көңілі толмайды.
«Жылына 20-15 тонна көмір жағамын. Оның жартысы құм мен тас. Жаңаталапта да, Жаңадәуірде де, Байсерке ауылында да газ бар», – деді Әли ауылының тұрғыны Өсербай Ермұханов.
Байсерке ауылдық округіне Әлиді қоспағанда тағы 6 елдімекен кіреді. Маңайындағы ауылдың көбіне газ құбыры тартылған. Жергілікті әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін айтып, оны шешуге тырысып жатқан көрінеді.
«7 шақырым жерде станция бар. Ол жерге үлкен қысыммен газ келеді. 7 шақырымнан тартылған газ құбыры қымбатқа түседі. Үкімет тарапынан мемлекетік бағдарламамен салынады. Сол кезде халыққа арзан түседі», – дед Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов
Жауаптылар ауылға газ тартатын компания табылмай тұрғанын айтты. Табылған күннің өзінде көгілдір отынды үйге тарту үшін 1 миллионға жуық теңге қажет. Көмірдің өзіне ақша таба алмай отырған халық үшін ол қымбатқа соғатыны белгілі.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» теларнасы