Еселі еңбек – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан қолдағы мүмкіндікті жібермей жұмыс істеу қажет. Бұл тұрғыда әсіресе жастардың ресурсын пайдаланатын уақыт жетті. Қазақстан Президенттігіне үміткер - Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабы жастарды қолдау жөнінде арнайы форум өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басқосуды кәсіподақ федарациясының салалық ұйымдары ұйымдастырып отыр. Негізгі міндет –жастарды жұмысқа тартып, оларды қолдауға арналған бағдарламалардың жергілікті жерлерде іске асуына ықпал ету.
«Кәсіподақтар федарациясы арқылы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға тартып отырмыз. Сондай-ақ оларға өз құқықтарын мен міндеттерін үйретіп, жалпы ережелермен таныстырамыз», – деді «Келешек» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Еспенбет ҚАЛШОРА.
Жас мамандардың көбі жұмысқа орналасқан соң жаңа ұжымда идеясын ұсынуға жүрексінеді дейді кәсіподақ өкілдері. Еңбек өнімділігін арттырып қауіпсіздікті күшейтетін жобалар жасайтын жастар жетерлік. Тек оларды қолдау керек деген пікірде. Сондықтан, Аманкелді Таспиховтың сайлауалды үгіт-насихат кезінде жастардың қоғамдық ұйымдары халыққа кәсіподақ жұмысын бірге насихаттап жүр.
«Ең негізгі жұмысымыз – үш жақты келісім шартты реттеу. Кәсіподақпен келістіріп, әкімшілікпен келісіп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру», – деді Нұр-Сұлтан қаласы салалық кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек ЕСЕНТАЕВ.