Қазақстандық зейнеткерлер жеке табыс салығынан босатыла ма?

Қазақстандық зейнеткерлер жеке табыс салығынан босатыла ма?
Зейнеткерлерді ЖТС-дан босату үшін норма енгізу кезінде бюджет шығындарының есебін жүргізу қажет
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Премьер-министр Асқар Мамин зейнеткерлерді жеке табыс салығы мен салықтың басқа түрлерінен босату мүмкіндігі туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеке тұратын зейнеткерлерді мүлік салығы мен автокөлік салығын төлеуден, сондай-ақ 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлердің жеке табыс салығын төлеуден босатуға қатысты мынаны түсіндіре кетейін. Салық заңнамасына сәйкес бөлек тұратын зейнеткерлер тұрғын үй қорындағы жер учаскелері, сондай-ақ іргелес жер учаскелері үшін жер салығынан босатылады», - деп жауап жазды Асқар Мамин депутат өтінішіне.

Сонымен қатар, ол республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданысқа енетін заң бойынша бөлек тұратын зейнеткер меншік құқығындағы барлық салық салынатын нысандардың жалпы құнынан 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш шегінде мүлік салығын төлеуші болып табылмайтынын еске салады.

«Жалпы, біз жеке табыс салығын, зейнеткерлердің мүлік салығы мен көлік салығын төлеуден босату туралы мәселені қарастыруға болады деп санаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 5-бабына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын немесе кірістерін азайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер міндетті түрде Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жатады», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, оның айтуынша, зейнеткерлерді ЖТС-дан босату үшін норма енгізу кезінде бюджет шығындарының есебін жүргізу қажет.

«Зейнеткерлерді көлік пен мүлікке салынатын салықтан босатуға қатысты, тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарының біріне жәрдемақы тағайындау кезінде салықты төлегісі келмейтіндер тарапынан құқық бұзу фактілері пайда болады. Осылайша, мүлік, оның ішінде үлкен қозғалтқышы бар қымбат автокөлік салық міндеттемелерін орындамау үшін жеңілдік жасалатын тұлғаға рәсімделеді», - деп түйіндеді А. Мамин.


Новости партнеров