Нәтижелі жұмысқа лайықты табыс. Ол үшін мемлекет әр жұмыскердің мүддесін қорғауы тиіс. Ал жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы жасалған келісімнің дұрыс жүзеге асуына кәсіподақ ұйымы кепіл болады. Ел Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасының негізгі – осы ұжымдық келісім-шарт. Сол үшін үміткердің Ақтөбе облысындағы сенімді өкілдері мұнай-газ саласындағы жұмысшылармен кездесіп сайлауалды үгіт-насихат жұмыстармен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондықтан әсіресе ірі өндіріс пен мұнай-газ саласы жұмысшыларының құқығын қорғап, лайықты табыс табуы үшін әрбір кәсіпорында ұжымдық шарт жасалуы тиіс. Ол шарт – қарапайым еңбек адамының әлеуметтік жағдайын көтеру және қауіпсіздікті сақтауға міндеттейтін заңды құжат. Кез-келген еңбек дауы ұжымдық шарт негізінде қорғалады. Яғни, кәсіподақ ұйымының өкілдері өндірістік және келісім комиссияларымен бірлесе отырып еңбеккердің мүддесін қорғайды.
«Қазір республикалық федерацияда қауіпсіздік инспекторларын дайындау жұмыстар жүріп жатыр. Бұл – үлкен жұмыс. Сол жұмыстардың бір бөлгі – ең жақсы инспекторларды таңдау. Жыл сайын осы мақсатта байқау болады», – Мұнайшылардың салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әсет АХМЕТОВ.