Есентай өзенінің жағалауына 4 мың ағаш отырғызылады. Үлкен өзеннің жағалауында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жасалып жатқан жұмыстарды көріп, көріктендіру жағына да аса мән беруді тапсырды. Қазіргі сәтке дейін ұзындығы 1,8 шақырым болатын аумаққа тірек қабырғаларын орнату, өзен түбіне темірбетон төсеу және техникалық жолдарды абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Атқарылған шаралар учаскеде су ауқымын күнделікті өткізу көлемін 10 есеге дейін арттырады. Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, осыдан үш жыл бұрын қалаға қауіп төндірген аумақтардың саны 67 болса, олардың саны қазіргі таңда 12-ге қысқарған.
«Ол қауіпсіздікті, әсемдікті, экология тұрғысынан да тиімді. Тұрғындар ерін қыдырып, өздерін қауіпсіз сезінеді. Біздің жасамақ болған жұмысымыз осы және бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетуі керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала арқылы өтіп жатқан Ерменсай, Кереңқұлақ, Үлкен және Кіші Қарасу, Қарғалы сияқты тоғыз өзеннің арнасы қайта жөнделіп, 300 шақырым арық желілері қайта ауыстырылды. №1 гидроэлектр стансасы, Үлкен Алматы көлі және Медеу-Шымбұлақ беткейлеріндегі қауіпті учаскелерге қорғаныс қондырғылары орнатылып, бекітілген. Жуырда «Мыңжылқы» су бөгетін қалыпқа келтіру жұмыстары толығымен аяқталады.