Интернет алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін алаяқтар банк пен полиция қызметкерлерінің атын жамылып әрекет етсе, қазір жаңа тәсіл ойлап тауыпты. Енді арам пиғылдылар өзін «Әділет департаментінің өкілімін» деп таныстырады екен. Олар алдымен интернет арқылы азаматтарға сапасыз тауарды онлайн сатып, ақшасын алып алады. Онымен қоймай, артынша қоңырау шалып, бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтып, зардап шеккендерге алданып қалғаны үшін мемлекеттен өтемақы беріледі деп сендірген.
«Тик-ток желісінде тауарды арзан бағаға сатамыз деген жарнама шыққан. Хабарландыруда көрсетілген карта нөміріне онлайн ақша жіберіп, затты алдық. Алайда мүлдем өзге, сапасы нашар тауар келді. Оны кері қайтара алмадық. Көп ұзамай өзін Әділет департаментінің өкілімін деп таныстырған біреу хабарласты. Ол бұл іске қатысты сот болып жатқанын және заңсыз тауарға өтемақы берілетінін айтып, Медеу аудандық Әділет басқармасына баруымызды сұрады. Бірақ онда мұндай қызметкердің жоқ екенін білдік», – деді жәбірленуші
Өзге өңірлерден алданғандардың Алматыға келе алмайтынын пайдаланған алаяқтар «өтемақыны өзіміз жібереміз, ол үшін комиссия төлеу керек» деп тағы алдаған. Адамдардың сеніміне кіру үшін түсініксіз құжаттардың суретін жіберіпті. Алайда алаяқтар қолданатын бұл куәлік жалған. Әділет департаментінің қызметкерлерінің айтуынша, онда тек министрлік көрсетілген және «төраға» деген сөз бар. Ал шынайы куәліктің екі жағында да қызметкердің аты-жөні екі тілде жазылады және мәлімет сақталған «QR» код бар.
«Алаяқтардың арандатуы мен сеніміне берілмеңіздер. Осындай жағдайлар туындап жатса, Алматы қаласы Әділет департаментінің жұмыс істеп тұрған қызметкерлері туралы ақпаратты ватсап нөмірі арқылы, яғни Алматы қаласы Әділет департаментінің жұртшылықпен байланыс қызметі арқылы біле аласыздар. Яғни, ол 8 (777)-252-23-23 нөмірі арқылы ақпарат алсаңыздар болады», – деді Әділет департаментінің бөлім басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.
Қалалық Әділет департаменті қызметкерлерінің айтуынша, былтыр 40-тан аса азаматты осындай алаяқтар сан соқтырған. Ал биыл шамамен 10 күннің ішінде 30-ға жуық шағым түсіпті. Бұл жағдайдан кейін құзырлы мекеме басшылығы тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген. Қалалық Полиция департаменті қазір алаяқтықтың бұл түріне қатысты қылмыстық іс қозғалып жатқанын мәлімдеді.
Жалпы соңғы 3 жылда интернет алаяқтық елде дендеп барады. Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, әлеуметтік желі арқылы қалтаны қағу дерегі әсіресе пандемия кезінде 2 есеге көбейген. Мұның алдын алу мақсатында билік кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізбек. Онда Қылмыстық кодекстің 190-бабына «Интернет желісі» деген термин қосылған. Бұл дегеніміз, енді ғаламтор арқылы сан соқтыратындар да өзге алаяқтар секілді 800 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе екі жылға дейiн бас бостандығынан айырылмақ.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы