Қазақстанда шетел көліктерін заңдастыру 23 қаңтардан басталады. Сөйтіп ол науқан жазға дейін жалғасады. Бүгін ІІМ қандай автокөліктердің жеңілдікке ілнетінін тағы бір рет еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шетел көліктерін тіркеу ережесі қоғам талқысына бүгін шығарылды. Заң бойынша халық құжатты көріп, танысқаннан кейін 10 күн өткен соң ол күшіне енеді. ІІМ ақпарына сай, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін шетел машиналары заңдастырылады.
Басты талап мынадай:
Айта кетерлігі, көліктің рөлі қай жақта орналасқаны маңызды емес. Жылына да қарамайды.
«Заңдастыру кезінде утилизациялық алым талап етілмейді. Көлік иелері тек 200 мың теңге мөлшеріндегі бір реттік төлем жасайды. 2023 жылдың 23 қаңтарында, дүйсенбіден күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз. Толық салмағы 5 тоннаға дейін жететін шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар және толық салмағы 3,5 тоннаға дейінгі шағын жүк көліктерін заңдастыруға болады», – деді ҚР ІІМ орынбасары Игорь Лепеха
Шетелдік көлік иесі оны тіркеу үшін 4 құжат ұсынуы керек. Өтініш, жеке басын куәландыратын құжат. Машинаның паспорты және оны сатып алу-сату сияқты көлікке меншік құқығын растайтын қағаз қажет. Қазақстанда заңдастыруға жататын 300 мыңнан астам шетел көлігі бар. Оның 20 мыңнан астамы - оң рөлді машиналар. ІІМ орынбасары Игорь Лепеха 5 мың көлік Қазақстанға конструктор түрінде кіргізілгенін айтты. Олар заңдастыруға жатпайды екен.
«Бұл көліктердің ешқандай да құжаты жоқ. Көліктер басында шекара арқылы Қазақстан Республикасына заңсыз кіргізілген. Сондықтан да бұл көліктер тіркеуге жатпайды», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.
Шенділердің айтуынша, бөлшек ретінде әкелінген көліктерді бөлшектеп сатудан басқа амал жоқ. Немесе қайдан жеткізілді, сол жаққа шығарып тастау керек. ІІМ бұл заңдастыру соңғысы деп отыр. Осы науқан аяқтала салысымен, «заңды жүргізуші» деген атпен рейд жүргізеді екен. Яғни, шетел көліктерін Қазақстан азаматы тізгіндеп отырса, бірден айыппұл салынып, машинасын айып тұрағына әкетеді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы, Астана