Жолына қарап әкімін таны: Қазақстанда әкімдердің рейтингі қашан анықталады

24.06.2022 21:14

Үкіметте қазір арнайы әдістеме әзірленіп жатыр

Almaty.tv

Жолына қарап әкімін таны. Қазақстанда әкімдердің рейтингі енді жол сапасымен анықталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа механизмді әзірлеуге халық тікелей қатыса алады. Азаматтар ұсынысын қазірден бастап жіберу керек. Бұл жергілікті билік жұмысын бағалауда аса маңызды.

Елімізде бұдан былай әкімдер рейтингі жолдың сапасына қарай түзіледі. Жергілікті биліктің жұмысына осылайша баға беру ұсынысы өткен айда министрлер кабинетінде айтылған еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, жол төсемдерінің сапасына жергілікті әкімдіктер жауап береді. Бұл бағытта Үкіметте қазір арнайы әдістеме әзірленіп жатыр.

«Жергілікті атқарушы орган жолдың сапасын арттыру мақсатында қазіргі уақытта облыс әкімдерінің рейтингін орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта тиісті құжат әзірленді. Мемлекеттік органдарға жіберілді. Қоғамдық талқылауға жіберіп жатырмыз», – деді ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бахтияр.

Қазақстандағы күре жолдар сапасын жақсартуға бағытталған жоба үшінші тоқсанда жасалады. Ал әкімдердің рейтингі сәл кейінірек анықталады. Тиісінше бағалау жүйесіне халық та қатыспақ. Ол үшін автомобиль жолдары комитетінің әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп талап-тілектерін қалдырса жеткілікті. Өзгерісті темір тұлпар тізгіндеген азаматтар асыға күтуде. Олардың айтуынша, сапа сын көтермейді.

«Алматыдан Астанаға жүретін болсаң 3 күнде қартайып кетесің», – деді қала тұрғыны Бақыт Жолдасов.

«Шымкент пен Тараз жолы өте нашар. Айналма жол ақылы. Қызылордадан 2-3 тәулік жүріп жетеміз», – деді қала тұрғыны Бақыт Смайылов.

Елді-мекендердегі жолдардың жағдайына қарап әкімдер жұмысына баға беріледі. Мұны сала ардагері Дамир Әлімов те қолдап отыр. Оның айтуынша, бұл шара жауаптылардың немқұрайлығын жоюға ықпал етпек.

«Бізде көбіне сұраныс болмағандықтан бөлінген қаражат мақсатты жұмсалмай жатады. Бір мысал, 2020 жылы жергілікті жолды жөндеуге қажетті қаржының 14%- ы, республикалық жолдарды жөндеуге 48%-ы бөлінген. Алайда Ақтөбе облысында бұл соманың тек 5%-ы,Батыс Қазақстан облысында 3% іске асты. Қазіргі таңда жолдар жаппай ақылы жүйеге ауысып жатыр.  Ал олардың жағдайына қатысты халықтың шағымы шаш етектен», – деді жол саласының ардагері Дамир Әлімов.

Сарапшы пікірінше, Қазақстанда жол қорын құру маңызды. Тиісінше саланы қаржыландыруды да ұлғайту қажет. Оның есебінше елдегі барлық жолдарды жөндеу үшін шамамен 2 триллион теңге керек екен.

Камшат Мухамеджан, Нурлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы