Түбіртек берілмегені туралы хабарлағандарға мың теңге төленеді. Қазақстан Үкіметі бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдаланып түбіртек бермеген сауда орындары туралы хабарлайтындарға сыйақы төлеу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол үшін деректерді толтырып, мобильді қосымша арқылы факті жөнінде аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау қажет. Заң бұзушылықты бейне жазбамен де растау керек. Қаулы 2021 жылғы 28 мамырдан бастап күшіне енеді.
«Сонымен қатар кәсіпкердің жеке бас идентификациялау үшін деректері жіберілуі қажет. Сонымен қатар, сол дүкеннің мекенжайы, егер үлкен сауда үйінде орналасқан болса, қай бутик екені, қай қабатта орналасқаны жөнінде ақпаратты жіберу керек. Шағымданып отырған жеке тұлға өзінің аты-жөнін және ЖСН номерін жазуы қажет»,– деді ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.