Алматының Бостандық ауданындағы 533 нысанда мүгедектерге жағдай жасалған

Almaty.tv
Almaty.tv
Бастама 10 жыл бұрын басталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бостандық ауданындағы нысандар мүгедектердің ыңғайына қарай жабдықталып жатыр. Бүгін комиссия Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясына барып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайды тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нәтижесінде жасалған пандустың биік, ал көзі көрмейтін жандарға тактильді тақтайшаның жетіспейтіні анықталды. Сондай-ақ дәретханадағы көмекке шақыру тетігі де биік орналасқан. Осы секілді кем-кетікті мектеп әкімшілігі түзетуге уәде етті.

«Дәретханада екі ғана кемшілік бар. Унитазды сол жағына қарай жылжыту керек. Ол арбамен қатар тұруы керек. Дәл ортада тұрғандықтан, арба сыймайды. Дәретханадағы көмекке шақыру тетігі де биік орналасқан. Адам егер құлап қалған кезде, көмек шақыру үшін төмен тұруы тиіс», – деді Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков.

Әлеуметтік сала мамандары нысандарды мүмкіндігі шектеулі жандарға икемдеу осыдан 10 жыл бұрын басталғанын айтады. Бұл жұмыс жалғаса бермек. Бостандық ауданындағы 533 нысанда мүгедектерге жағдай жасалған. Мамандар 566 ғимаратта кеткен қателіктерді түзетуге бір жыл уақыт берді.

«Біздің ауданда жалпы саны 34 мемлекеттік мектеп бар. Биыл 14 оқу орны және аудан аумағында орналасқан 5 колледжде мүгедектерге қандай жағдай жасалғанын тексеретін боламыз. Жыл басынан бері 5 мекенге барып, ондағы жағдаймен таныстық. Бұл жұмыс тоқтамайды. Әр айда 4-5 нысанды тексеріп, кеткен кемшіліктерді түзеумен айналысамыз», – деді Бостандық аудандық Әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Дина Ділдібаева.

Новости партнеров