Ұжымды басқару – ұжыммен тіл табысу – Ринат Зайытов
Жақында лауазымды қызметке тағайындалған айтыскер ақын Ринат Зайытов жаңа қызметіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі NEGE.KZ-ке сілтеме жасап.
«Ұжымды басқару – ұжыммен тіл табысу. Сосын жауапкершілікті мойныңа алу. Мен әу бастан жауапкершілік алудан қашқан жоқпын. Өзім айтқан сөзім үшін де, істеген ісім үшін де. Дәл сондай жауапкершілік мойныма ресми түрде жүктелді», – деп түсіндірді жаңа қызметін айтыскер ақын.
Оның айтуынша, жаңа қызметіндегі айлығы шамамен 200 мың теңге. Ал өзі директор болған өнер ордасының жылдық бюджеті 17-18 миллион теңге.
«Ең бірінші еден жуушылармен сөйлестім. Олардың нақты айлығын білемін. Ең көбі – 56 мың теңге. Ол жерде жұмыс істейтін әнші-әртістің айлығы 100 мың теңгеден аспайды. Оның сыртында Алматы қаласының әкімдігінің тапсырмасы бар: "Ринат, ұлттық өнер ақсап барады. Мына жақты реттеу керек. Айғайлағанда адалмын дейсің ғой, істеп көр" деп ұсыныс айтты», – дейді айтыскер.