Алматыда 4 базар сүріледі

Алматыда 4 базар сүріледі
Кәсіпкерлер қызметі мен сауданы дамыту үшін барлық жағдай жасалуда - Кулагин
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түрксіб ауданында орналасқан 4 базар сүріліп, қайта салынатын болады. Бұл туралы аудан әкімі Павел Кулагин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түрксіб ауданында орналасқан «Алматы-1», Сейфуллин даңғылындағы «Ақбұлақ», «Алтай» базары, вокзал маңындағы «Керуен» базары сүріліп, қайта салынатын болады.

«Базарларды модернизациялау бойынша жобалар дайын. Ең үлкені – М.Шолохов көшесінің бойындағы «Алматы-1» базары. Онда жобаға сай жаңа базар салынады. Бүгінде  инвесторлар құрылыс-монтаждау жұмыстарының жобасын дайындауда. Базардың  бір бөлігін бұза бастадық. Құрылыс жұмыстары  екі жылға созылуы мүмкін. Сондықтан  ондағы саудагерлер уақытша басқа базарларда сауда жасайтын болады», - дейді Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагин баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпкерлер қызметі мен сауданы дамыту үшін барлық жағдай жасалуда.

«Қазір ауданда  10 базар жұмыс істеп тұр. Алты базар   модернизациядан өтті. Осы жылдың аяғында «Алтай» және «Керуен» базарлары қайта қалпына келтіріледі. Ондағы инвестиция көлемі 90 млн теңгені құрады, сонымен қатар «Ақбұлақ» және «Алматы-1» базарларын жаңарту 2020 жылға жоспарланған», - деп толықтырды П.Кулагин.


Новости партнеров