Елімізде 1 550-ге жуық ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген – Ерлан Қошанов

Almaty.tv
Almaty.tv
Гидротехникалық құрылғылардың 90 пайызының техникалық жағдайы нашар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 1 550-ге жуық ауыл таза сумен қамтамасыз етілмеген. Ол елді мекендерде 544 мың адам тұрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында су үнемдеуді қолға алуды, сондай-ақ қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» және «Нұрлы жер» мемлекеттік  бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде бүгінгі күні халықтың 96 пайызы сумен қамтылған.

«Ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау желілерін салу мен реконструкциялауды жалғастыру «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көзделген. Нәтижесінде тұрғындар 2025 жылға қарай сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтамасыз етіледі», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов

Үкімет 3 жылда ауыл тұрғындары 100 пайыз сумен қамтылады деп жоспарлап отыр. Алайда Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов елімізде 1 543 ауылдың сумен қамтылмағанын айтты.

«Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. Ал су ресурстарының тапшылығы жылына 12 текше километрге жетуі мүмкін. Бұған әсер етуші факторлар жетерлік. Халық санының өсуі, экономикалық дамудағы ерекшеліктер мен басқа да себептер ықпал етіп отыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында ауыз сумен қамту деңгейі ең төмен. Бұл аймақтарда топтық су құбырлары 1970 жылдары салынып, осы күнге дейін жөндеу көрмеген. Жалпы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша ауылдық елді мекендердегі су құбыры желілерінің 6 мыңнан астам шақырымы ауыстыруды талап етеді. Ал гидротехникалық құрылғылардың 90 пайызының техникалық жағдайы нашар.

«Қазіргі таңда экономика салаларын және тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін еліміздің су ресурстарының потенциалы әлі толық зерттелмеген және бағаланбаған. Су саласын басқару және реттеу 3 министрлікке бөлініп берілген. Тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрі де айналысып кетеді. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Бұдан бөлек талқылау барысында көрші мемлекеттермен трансшекаралық өзендерге байланысты мәселе біржақты шешілмей келе жатқаны айтылды. Бүгінгі таңда Жайық, Сырдария, Ертіс және Іле өзендерінің деңгейі төмендеп, ластанып кеткен. Тағы бір мәселе – жер асты суларын іздеу-барлау жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Нәтижесінде ауыз су қоры мол кен орындарының айналасында әртүрлі қазба байлықтардың игерілуіне байланысты, жерасты сулары зиянды заттармен ластануда деп дабыл қағып отыр мамандар.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров