Қайтыс болған әйел 5 адамның өмірін құтқарып қалды

23.07.2024 21:51

Қазақстанда 4 мың 212 адам ағза донорлығына кезекте тұр

Online Marketing / Unsplash

Ақмола облысында қайтыс болған әйелдің ағзасы 5 адамның өмірін құтқарып қалды. 44 жастағы марқұмның туыстары донорлыққа келісім беріп, нәтижесінде оның жүрегі, бүйрегі және бауыры кезекте тұрған мұқтаж жандарға салынған. Науқастар Астанада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.ty тілшісі.  

Ақмола облысында көз жұмған әйелдің органы 15 жастағы Айзере Толыбаеваға трансплантталды. Анасының сөзінше, қызының екі бүйрегі де туа сала дұрыс жұмыс істемеген. Екі жасында біреуін алып тастаған. Ал оң жағындағысына 13 жасында ота жасалып, бүйрексіз қалған. Ол ағзаға мұқтаж жандардың қатарына тұрған. 16 маусымда қуанышты хабар жетіп, донордың табылғаны белгілі болды. Үш жылдан кейін 9 сынып оқушысына бүйрек трансплантациясы жасалды.

– Отбасым, қызым өте қатты қуанып, қуанышымызда шек болған жоқ. Ота сәтті өтті. Қызыма донор болған, жаңа өмір сыйлаған донордың отбасына, туыстарына келісім бергені үшін алғысымды білдіремін, – деді А. Толыбаеваның анасы Гүлжан Толыбаева.

Дәрігерлердің айтуынша, кез келген адамның ағзасын донорлыққа ала алмайды. Тек мидың тоқтауы болған кезде ғана оның органы туыстарының келісімімен беріледі. Ал ислам дінінде ағза ауыстыруға тыйым жоқ. «Ағза ауыстыру үкімі» деген пәтуаның шартына сәйкес, келісім бойынша ағза өзге науқасқа берілсе болады. Бірақ ол ақшаға сатылмауы керек.  

– Кей адамдар «ағзасын өзгеге беру – дінге қайшы» деп жатады. Исламда ғалымдар бұл мәселеге қатысты рұқсат етілгені жайында пәтуа барын айтып келеді. Құран аяттарынан, хадистерден дәлел келтірген. Бір адамның өмірін сақтап қалу – бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең, – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Қазақстанда 4 мың 212 адам ағза донорлығына кезекте тұр. Оның ішінде 3 мың 600 науқасқа бүйрек, 180 жанға бауыр, 130-дай науқасқа жүрек донорлығын қажет. Биыл 5 марқұм донор болған. Ал 2023 жылы 7 донор 19 адамның өмірін құтқарып қалған. Алайда бұл көрсеткіш бәрібір аздық етеді. Себебі жылына кезекте тұрғандардың 300-ге жуығы мерт болады.

– Жылдан жылға күту парағында тұрған тізімде 300 адамдай көз жұмады. Сондықтан күту парағынан тездетіп, ауруларға донорлық ағза жеткізсек, өлім азаяды деп ойлаймын, – деді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың бөлім басшысы Қайрат Иманбаев.

Ағза донорлығына рұқсатты кез келген адам eGov порталы арқылы бере алады немесе тыйым салуына болады. Марқұм көз жұмғаннан кейін, дәрігерлер оның туысынан рұқсат сұрайды.

Айта кетейік, Қазақстанда ағза ауыстыруды қажет ететіндердің арасында бірінші орында бүйрегі сыр бергендер тұр. Одан кейін жүрек, үшінші орында бауыр мен ұйқы безін алмастырғысы келетін жандар тұр.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Павлодарлық дәрігерлер науқастың аяғын ампутациядан аман алып қалды