Ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне төсбелгі тағылды
Атырауда төрт түлікті жұқпалы аурулардан сақтап, алдын алу жұмысын жүргізтін ветеринарларға 42 қызметтік көлік берілді. Ал көп жыл жұмыс істеген мамандар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бұрын ветеринарлардың жалақысы 100 мыңнан 120 мың теңге аралығында болған. Қазір жалақы 50 пайызға өсіп, 200 мыңнан 400 мың теңге аралығын құрайды.
– Ел арасында «медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Бұл аталған саланың маңыздылығын айқындап тұр. Аймақтағы ветеринариялық стансалардың мамандарына облыстық бюджет есебінен 42 жаңа автокөлік сатып алынды, - деді Жасұлан Бисембиев.
Атырау қаласы мен 7 аудандағы ветеринариялық стансаға берілді. Мәселен, Құрманғазы ауданына 12, Қызылқоғаға – 6, Индер, Махамбет аудандарына – 5, Атырау қаласына, Исатай мен Жылыой ауданына – 4, Мақат ауданына 2 көлік бөлінді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының бір топ үздігі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Оның арасында «Атырау Ет Орталығының» құрылтайшысы Азамат Хайруллин, «Жарсуат» өндірістік кооперативінің механизаторы Максим Өтенов, «Құрманғазы» ӨК басқарма төрағасының орынбасары Алтын Әбуева, «Қараша» шаруа қожалығының жетекшісі Мәнсия Әбілқайырова бар.
Еске сала кетелік бұдан бұрын Атырау облысына өзге өңірлерден келген мектеп мұғалімдеріне пәтер берілгенін жазған едік.
Оқи отырыңыз: Сарайшық қалашығынан күміс монеталар табылды