"Сергек" жүргіншілерге жол бермегендерді қалай анықтайды

24.02.2024 21:20

Sergek Group өкілдері зебра маңындағы аппараттық жүйе әдеттегі камераға ұқсас қызмет атқаратынын айтты

gov.kz

Алматыда "Сергек" былтыр желтоқсаннан бастап зебрада жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілерді анықтайтын болды.

Мегаполистің полиция департаменті хабарлағандай, сынақ басталған екі айдан бері камера 64 тәртіп бұзу әрекетін тіркеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Автомобилистер жаңа ережені естіп, жаяу жүргінші өткелінде абайлап жүр ме, әлде жүйе дұрыс жұмыс істемей ме? Жүйе қалай жұмыс істейді?

Sergek Group өкілдері зебра маңындағы аппараттық жүйе әдеттегі камераға ұқсас қызмет атқаратынын айтты, олар тәулік бойы жылдамдық асырған, жол таңбасын елемеген жүргізушілерді қадағалайды. Бірақ өткелге жаяу жүргінші келгенде, қосымша алгоритм іске қосылады. Түсінікті болу үшін камераның жұмыс принципін схема бойынша көрсетейік:

Схемадағы қызыл сызық аумағына кірген жолаушыға жол бермеген жүргізушіні камера тіркеп алады. Жол ережесінің 106-тармағында "көлік құралы жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде өзінің жүру бағыты бойынша жол бөлігін кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіге жол береді" деп жазылған. Яғни, жүргізуші зебраға енді шыққалы жатқан немесе жолдан өтіп болғандарға емес, сол сәтте өткел бойымен өтіп бара жатқандарға жол беруге міндетті болады.

Камераға орнатылған шектеулі аймақтың шекарасы жол шетінен емес, ондаған сантиметр іштен басталады. Sergek Group осылайша зебраға шығар алдында бөгеліп қалатын жүргіншілер үшін жеңілдік қарастырғанын айтты.

Жаяу жүргінші алдынан өтіп кеткен соң көлік тыйым салынған аумаққа кірсе, бұл жол ережесін бұзу болып саналмайды әрі камераға түспейді.

Компания жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін айыппұлды камера емес, басқару орталығында отырған полицейлер салатынын атап өтті. Жүргізушінің кінәсі бар-жоғын адам анықтайды.

Оқи отырыңыз: Көлік жүргізу үшін енді медициналық сақтандыру енгізілуі мүмкін