Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейіне оң баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сонымен қатар Президент бұл оқу-жаттығу жиындары күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.
– Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.
– Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс-2023» әскери оқу-жаттығу жиынына барды