Жыл қорытындысы: 2020 жылғы атаулы күндер

24.12.2020 23:45

Елімізде 2020 жылы бірнеше маңызды мерейтой атап өтілді

2020 жылы елімізде қандай атаулы күндер мен мерейтойлар аталып өткені жайлы Almaty.tv сайтынан біле аласыздар.

Тоныкөк ескерткішіне – 1300 жыл

Есігімізден кірген 2020 жылы қазақтың ғана емес, бүкіл әлем мәдениетінің тасқа таңбаланған аса маңызды құндылықтарының бірі – Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналып, UNESCO көлемінде аталып, тойланды.

Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің қатарына жататын таңбалы тастың маңызы мен мәні зор. Құлпытасқа қашалып жазылған көне түркі жазуларының құпиясын даниялық ғалым Вильгельм Томсен 1893 жылы ашса, түркітанушы орыс ғалымы Василий Радлов руна жазуларын оқып, аударған. Содан бері өткен ғасырдан астам уақыт бойы бұл жазулар әлем ғалымдарының «ашылмаған аралдай» болып, қызығушылығын тудырып келеді.

2020 жылдың Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналуының себебі, тарихи жәдігерді тани түсуге, таңба сырына, жазу ерекшелігіне жаңа көзқараспен қайта қарауға мүмкіндік берер, жәдігер құпиясына жарық түсірер жаңа бастамаларға жол ашады.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығы

2020 жылдың екінші атаулы мерейтойы «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы.

Ол өзінен кейін бай ғылыми мұра – білімнің әртүрлі салаларын қамтитын 200-ге жуық трактат қалдырды. Солардың тек 100-ге жуығы бізге жеткен. Қазір ойшылдың философиялық шығармалары кеңінен зерттеліп жатыр. Десек те басқа қырына да аса мән беруіміз қажет. Сондықтан «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, содан соң айтып берейін» деген Шығыс ұстазын насихаттау ісі одан ары қарай жалғаса береді.

Алтын Орданың 750 жылдығы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқан тағы бір маңызды дата – Алтын Орданың 750 жылдығы.

Президенттің бастамасымен өткен жылдан бастан еліміздің түкпір-түкпірінде тарихи даталарды атап өту бағытында көптеген іс-шаралар өтуде. Сондай-ақ, мемлекеттік маңызы бар бағдарламалар қабылданып, кітаптар, зерттеу еңбектері жазылып жатыр.

Жақында ғана жарық көрген «Жошы хан. Ұлы дала» атты тарихи кітапты айтуға болады. Атақты Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында жарық көрген бұл кітап Мемлекет басшысының Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек деген тапсырмасына сай жарық көріп отыр.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы

Абай – ақын, Абай – дана. Қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде іс-шаралар аталып өтілді. 

Еліміздің қалаларында ескерткіштер бой көтеріп, оқушылар арасында Абай шығармаларының үзіндісін оқу эстафетасы, Абай жырларын оқу челленджі болды. Хакімнің 175 жылдық мерейтойы өтпелі шаралармен емес, өнегелі, өміршең жобалармен есте қалары анық.

Ұлы Жеңіске 75 жыл

1941 жылдың маусымында басталып, 5 жылға созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына тура 75 жыл. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 400 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Олар майданда ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль, ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды.

Биыл Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағы батырларының арасындағы бірқатар тұлғалардың 100 жылдық мерейтойлары Жеңістің 75 жылдығымен қатар келіп отыр. Олар: Леонид Беда (Екі мәрте Кеңес Одағының батыры), Ағаділ Сухамбаев, Әбу Досмұхамбетов, Жәлел Қизатұлы, Қожабай Жазықов, Нағи Ілиясов, Сұлтан Баймағамбетов, Төлеген Тоқтаров.

Сондай-ақ, майдан шебінде ерлікпен шайқасқан, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан ақын Жұбан Молдағалиевтің де туғанына 100 жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.А.Назарбаевтың 80 жылдығы


Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы.  Ол 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қазіргі әлемдік тарихтың ауқымды тұлғасы. Ол бүкіл елдер қоғамдастығына мемлекеттің бейбіт, ядролық қарусыз саясаты туралы мәлімдей отырып, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығара алды. 

Елбасы ойластырған саясат пен оның көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша экономикасы ең тез дамыған елдердің бірінің дәрежесіне жеткізді. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралды. Бұл модель терең ойластырылған бағыт бойынша біртіндеп және сенімді дамуға негізделеді.

Биыл ел астанасында Қазақстан Республикасынының Тұңғыш Президентінің 80 жасына арнап, тағы бір ескерткіш орнатылды. Бұл жолы Елбасының ескерткіші Ұлттық қорғаныс университетінің алдына қойылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы

Осы даталармен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы 2020 жылғы маңызды оқиғалар саналады.

Егемен еліміздің бүгіні мен ертеңіне халықтың сенімін нығайтып, мақсат-мұратымызды айқындаушы – Ата Заңымыз. 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған ел Конституциясы қазақстандықтардың құқықтың мәртебесін, саяси-экономикалық құрылыстың негіздерін белгілейді. Бүгінде Қазақ елі осы құжаттың негізінде өркендеп, дамып келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған консультативті-кеңесші орган. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

Қазақстандағы волонтер жылы

Биыл тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланды.

Басты мақсат – ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе, жастарды тарта отырып, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру.

Жалпы, республика бойынша 287 еріктілер ұйымы бар. Сондай-ақ, барлық аймақтарда оларды қолдайтын 17 орталық құрылған. 

Еріктілер жылы жалынды жас­тарымыздың бойындағы ең асыл қа­сиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналғанын атап өтті, Президент. Еліміз үшін  жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Жыл бойы 100 мыңнан астам адам ерікті қызмет етті.