Сиыр жылынан не күтеміз – жазушы-этнограф Болат Бопайұлы жауап берді

01.01.2021 03:07

Дана халқымыз төрт түліктің бірі – сиырды сүтті жануар, молшылықтың белгісі деп есептеген

Қазақтың жыл санауы бойынша 2021 жылы – сиыр жылы кіреді. Жыл қайыруда 12 жылға түрлі аң мен жануарлардың аты беріліп, әр келер жылға түрлі болжамдар жасалады. Дана халқымыз төрт түліктің бірі – сиырды сүтті жануар, молшылықтың белгісі деп есептеген. Расымен де, тарихта сиыр жылы мамыражайлығымен есте қалған ба? 

Ал, биыл кіргелі отырған жаңа сиыр жылы еліміз үшін жайлы бола ма? Бұл сауалға жазушы-этнограф Болат Бопайұлы жауап беретін болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

– Өзіңізге белгілі, 12 жылда айналып келіп отыратын әр жануардың өзіне тән мінезі бар. Қазақ соған қарап, келер жылды алдын ала жорыған ғой. Келер жылы не күтеміз? 

– Ассалаумағалейкум, әз халқым! Армысыздар! Биылғы кірген сиыр жылы құтты болсын! Жаңа жылда жарылқап, ескі жылдан есіркесін! Атам қазақ көрген түсін де, кірген жылын да, істеген ісін де жақсылыққа санайды. Биыл бір өте тамаша жыл кірді. Сондықтан, халқымызға бай, бақытты, берекелі, тамаша, құтты жыл кірді деп есептейміз. Жақсылыққа жоримыз. Сол жылымыздың есендігін алдағы күндерде береке, бірлікте болып, барлығы отбасында амандықпен қарсы алайық.

– Онда ел не өткерді? Есіңізде бар ма? 

– 1900 жылдан бері қарай 11 сиыр жылы өтіп, міне, 12 сиыр жылы келіп жатыр. Тарихта 1936, 1948 жылдары қазақта сиыр басы көп өскен. Сиыр жылын қазақ құтқа, жақсылыққа балайды. Сиырдың еті де, сүті де, терісін де барлығын қазақ жақсылыққа тұтынған. Сиыр жылының тарихта ондай әкелген жаманшылығы жоқ. Сондықтан, биылғы сиыр жылымыз да тарихтағы жылдардағыдай елімізге бейбітшілік әкелсін, бақыт пен жақсылық, құт әкелсін. Сиыр жылы туылғандар сиырды бауыздамайды, сиырды қарғамайды, тас лақтырмайды. Қиын алады, шөбін салады, бағып, күтіп, жақсылап ұстаса, халқымызға тыныштық, бейбіт, береке болады. Жалпы, сиыр жылы ғана туылғандар емес, өзі кірген жылды жалпы адам баласы жақсылықпен қарсы алса, сиыр жылы да есендікпен болады. Әр отбасында сиыр жылы жақсылық, тоқшылық, молшылық, береке-бірлік әкелсін. Еліміздің туы биік, тұғыры берік болсын. Сиыр жылы әрі құтты, әрі сүтті болсын деп тілеймін!

– Рақмет! Болат Бопайұлы уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіреміз!