Қоғамдық орындарда түкіргендерге жаза күшейтілмек: алматылықтардың пікірі қандай

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Алматы қаласының мәслихат депутаты Сергей Пономарев қоғамдық орындарды түкірген адамдарды заң аясында жазалауды ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының мәслихат депутаты, белгілі журналист Сергей Пономарев қоғамдық орындарды түкірген адамдарды заң аясында жазалауды ұсынды. Мәслихат депутатының бастмасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болды.  «Алматы» телеарнасының тілшісі қала тұрғындарының пікірін біліп қайтты.

Алматы  қаласының тұрғыны Зәру Досымбаев Атыраудан көшіп келгеніне 30 жыл болыпты. Мамандығы эколог. Табиғат жанашырының айтуынша, адамды жастайынан мәдениетті  болуға отбасында тәрбиелеу керек.

«Адамның мәдениеттілігі өз отбасынан басталады. Бәріміз түкіре берсек,  демалатын ауамызды өзіміз ластаған боламыз. Оның құрамында микроб болады. Ол ауаға тарайды. Ал далада ойнап жүрген балалар да, өзге адамдар да сол ауамен тыныстайды. Ауру-сырқаудың тез таралуына алып келеді. Денсаулыққа зиянды тұсын ескерген жөн», – деді эколог Зәру Досымбаев.

Алматылық  Әсем Айтжанованың айтуынша, қала тазалығына әрбір тұрғын жауапты.

«Үйде, дастархан басында балаларыма ылғи ескертіп отырамын. Түкіруге болмайды. Балаларға жолда қағаз тастайтын арнайы қоқыс жәшігі бар екенін көрсеттік. Көз алдымда Жиркенішті әдеті бар адам кездесе қалса, әрине, ескертуге тырысамын», – деді қала тұрғыны Әсем Айтжанова.

Алматы қаласының тұрғыны Айдос Шаймұрат жолда көлік жүргізушілерінің жағымсыз әдетін байқаса, қуып жетіп, ескерту жасайтынын айтады.

«Біздің аулада осы мәселе жиі айтылады. Тұрғындар ескерту жасаймыз. Дегенмен Азия елдерінде насихат түрі көп. Мәселен, әжетханаға, қоғамдық орындарға кіргенде «Алға бір қадам,  еліміздің мәдениеті үшін 1000 қадам» деген жазуды іліп қояды. Менің ойымша, оны оқыған адам жаман әдеті болса қояды. Ал енді амалсыз, денсаулығына қатысты қажеттілік болса, тиімді жолын тауып алғаны дүрыс», – деді қала тұрғыны Айдос Шаймұрат.

Ал таңмен таласа тұрып, Алматы қаласы көшелерін тазалайтын маман Мұхтар бір қарағанда мәдениетті көрінетін адамдардың қоқыс тастап, түкіріп кететін әрекетін түсінбейді.

«Бір қарағанда мәдениетті адамдар. Бірақ  теректердің түбіне қоқыс тастап кететіндеріне таң қаламын. Сондай әдемі табиғатты қорлауға Алладан қорықпай ма, түсінбеймін?! Түкірген дұрыс емес.  Қоқысты қоқыс жәшігіне дұрыс тастамайды. Күнделікті жұмыс барысында кездеседі. Амал жоқ жинаймыз. Біздің жұмысымыз ғой», – деді тазалықшы Мұхтар.

«Алматы қаласы ең әуелі тұрғындарға қажет» деп білетін тұрғындар мәслихат депутатын қолдай келе,  өз ұсыныстарын айтты. Толығырақ бейнероликтен көріңіздер. 

Новости партнеров