Үлкен Алматы айналма тас жолы 2024 жылы пайдалануға беріледі. Жоба қазір мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асып жатыр. Кең жолақты күре жолдың құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған еді. Күрделі жоба қала кептелісі мәселесін шешкеннен бөлек, тағы қандай тиімділігі бар? Құрылыс жұмыстары қай деңгейде? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.
Алматы – тоғыз жолдың торабы. Сондықтан жобаның мақсаты да осы – шаһарды айналып өтетін жоғары технологиялы жол салу. Жол құрылысының бейнесі таға іспеттес. Осылайша жүк көліктері Алматының ішіне кірмей қала сыртын айналып өтеді. Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілсе, қала көшелеріндегі көлік легі 60 пайызға дейін азаяды болжанады. Бұл экологиялық ахуалдың жақсаруына да сеп болатын көрінеді.
Бұл Үлкен Алматы айналма жолынының солтүстік-батыс бөлігі. Мұнда түрлі мақсаттағы ірілі-ұсақты 40 көпір, үлкен 8 жолайрық салынады. Қазіргі мына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары сол жолайрықтың үшіншісі. Дәлірек айтсақ, Панфилов ауылына маңында салынып жатыр. Кең жолақты күре жол жұмыстарына мыңнан астам жұмысшы мен 300-ге жуық техника бірлігі тартылған. Өздеріңіз көргендей, жұмыс қызу жүріп жатыр.
Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтетін Алматының үлкен айналма жолының құны 150 млрд теңге. Күре жол мемлекет қаржысына емес, жеке меншік серіктестік аясында шет елдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Жол құрылысының инвесторы түрік-корей консорциумы. Құрылыс компаниялары жолға салған өз қаржысын 15 жылда қайтарып алмақшы. Сондықтан Алматының ішіне кірмей қала сыртын айналып өтетін бұл жол ақылы болады. Жүк көліктері үшін баға 210 теңге болып бекітілген.
«Жолдың 53 шақырымы 6 жолақты, 13 шақырым - 4 жолақты болады. Қазіргі уақытқа жұмыстың 20 пайызы аяқталды. Оның ішінде олар қазу, жасанды қару деген бар, сонымен бірге 4 қалашық тұрғызды», – деді «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары Өмірзақ Ерембаев.
Кең жолақты күре жол қала кептелісі мәселесін шешіп қана қоймай, жергілікті халық тұрмысының тіктеуіне үлкен ықпал етпек. Себебі, құрылыс жұмыстарында қызмет етіп жатқан мың жұмысшының 90 пайызы жерлікті қала мен облыс тұрғындары.
«Жол пайдалануға берілсе, қала халқы мен облыс тұрғындары үшін өте тиімді болмақ. Себебі бұл жолда бағдаршамдар болмайды, үлкен жол айрықтар болады. Қаланың батыс өңірінен бұл жолға барып, Шаляпин, Абай, Төле би, Рысқұлов және Мөңке би көшелері барып қосылады», – деді «АЛМАТЫБАСЖОСПАР» ғылыми зерттеулер шеберханасының жетекшісі Жанат Айтілеу.
Айта кетейік, 2009 жылы қолға алынған бұл жобаның құрылысы түрлі кедергілерге байланысты кешеуілдеп келген еді. Ең алдымен құрлыс жүретін аумақтардағы 570 жер телімі мен жеке үйлерді және өндірістік нысандарды мемлекет меншігіне қайтару ұзаққа созылған. Жобаға жауаптылардың айтуынша, қазір құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі жоқ.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы