«Бір жылда қалай баспаналы болдым?». Осындай атаумен Алматыда баспагер Бақытжан Бұқарбайдың кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұсаукесерде туындының бүгінгі таңдағы өзекті тақырыпты қамтитыны айтылып, көпшілікке автордың тәжірибесі таныстырылды. Шығарманың атауы бір саланы ғана қамтығанымен, мұнда шешім қабылдау, эмоциямен жұмыс, энергияны үнемдеу сынды тақырыптар да қозғалған. Автордың мақсаты – өмірлік қиын жағдайдан шығуға бағыт-бағдар беру.
«Бұл жерде баспаналы болу жолында кеңестерімді бөлісемін. Қиындықты қалай еңсеру керек?. Шешімнің дұрыс алгоритмін қалай қалыптастыру керек? Бойындағы қуатты нәтижеге қол жеткізу үшін қалай ұтымды пайдалану керек? Міне осы сұрақтар төңірегінде ойымды жаздым. Кітап биыл жыл басында қаңтардағы екі апталық төтенше жағдай кезінде жазылды», – деді автор Бақытжан Бұқарбай.
«Бақытжан Бұқарбайдың «Бір жылда қалай баспаналы болдым?» атты кітабының тұсаукесеріне келдім. Себебі, бұл – өзекті тақырыптың бірі. Алматыға, Астанаға арман қуып келетін жастардың қатары өте көп. Олардың алға қойған мақсаты ең алдымен білім алу, екіншіден, баспаналы болу», – деді қала тұрғыны Айнель Әмірхан.