Алматы қалалық Әділет департаментінің мамандары шағым бойынша тексеріс жүргізді
Алматыда биыл заңсыз тауар тасымалына қатысты 22 дерек тіркелген. Заң бұзғандар бренд тауар белгісімен таңбаланған өнімдердің көшірмесін жасап, оны қымбат бағаға сатпақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексеру нәтижесінде мегаполисте құны 8 миллион теңгеден асатын 7 мың контрафактілік тауар жойылған. Алматы қалалық Әділет департаментінің мамандары шағым бойынша тексеріс жүргізді. Заңсыз тауар айналымымен айналысқан 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Оларға 250 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Lego компаниясына тиесілі тауар таңбаларын заңсыз пайдалану дерегіне қатысты кезектен тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында Lego компаниясының тауар таңбасына ұқсайтын 1 млн 200 мың теңге тұратын 894 ойыншық анықталды. ҚР ӘК-нің 158-бабына сәйкес, бөтен тауар таңбасын заңсыз пайдаланғандарға әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Алматы қалалық Әділет департаментінің бөлім басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы ұрланған көліктерді жерасты тұрағынан іздеп жатыр